Президенттің бастамасымен жарияланған Жұмысшы мамандықтар жылы аясында Явленкада Жұмысшы мамандықтар фестивалі өтті.
Фестивальде өңірдің 20 колледжі өздерінің білім беру бағдарламаларын таныстырып, жастарға жұмысшы мамандықтарының сұранысы мен болашағы, оқу және жұмысқа орналасу мүмкіндіктері туралы ақпарат берді. Фестивалдің жұмысымен облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов те танысты.
Бүгінде облыстың 15 колледжі 16 жаңа мамандық ашу бойынша жүйелі жұмыс жүргізуде, оның 14-і жұмысшы мамандықтары. Жақын арада дәнекерлеуші, электрик, токарь, наубайшы және басқа да сұранысқа ие мамандарды даярлау басталады. Петропавлда жұмыс берушілердің қолдауымен мектептерде "автослесарь" және "электрик" бейінді сыныптар ашылуда, — деп жазды өңір басшысы әлеуметтік желіде.
Өңірде жұмысшы кадрларға деген тапшылықты ескере отырып, биыл жұмысшы мамандықтар бойынша мемлекеттік білім беру тапсырысы 105 грантқа ұлғайып, 1742 орынға жетті. Атап өтетін жайт, қазір біздің түлектердің жұмысқа орналасу және жұмыспен қамтылу көрсеткіші 98% құрайды.
Мектеп оқушыларын ерте кәсіби бағдарлау мақсатында колледждерде "Junior Skills", "Үздік мамандық иесі" сияқты конкурстар, сондай-ақ кәсіби шеберлік чемпионаттарына 7 мың түлек қатысты. 29 мың оқушы зауыттарға барып, экономиканың қалай жасалатынын көрді. WorldSkills өңірлік чемпионаты 3 мыңн жас маманды біріктірді. Республикалық WorldSkills біріншілігінде біздің студенттер 2 алтын, 2 күміс, 3 қола медаль жеңіп алды.
Жыл соңына дейін кәсіби шеберлік конкурстары, жұмысшы мамандықтар бойынша жас көшбасшылар форумы, шеберлік сабақтары, сондай-ақ жаңа мамандықтар атласын әзірлеу жоспарланған. Бұл шаралар жастардың жұмысшы мамандықтарына деген қызығушылығын оятып, болашақ мамандықты саналы таңдауға ықпал етеді.