Соңғы 10 жыл аралығында балалар үйлеріндегі бала саны екі есеге дейін қысқарған.
Оған балалар үйлеріне балама ретінде енгізілген кәсіби отбасы институтының да әсері бар, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Мұндай тың мәліметтерді ҚР Оқу-ағарту вице-министрі Еділ Оспан Орталық коммуникациялар қызметінде ұйымдастырылған дөңгелек үстелде айтып берді. Шыны керек, елімізде жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларды отбасы үлгісінде тәрбиелеу тәжірибесі кеңінен қолданып, ауқымы да кеңеюде.
– Жүргізілген шаралардың нәтижесінде балалар үйлерінде тәрбиеленетін балалар саны соңғы 10 жылда екі есеге қысқарды. Қазақстан азаматтары жыл сайын 1000-нан астам жетім баланы өз отбасына қабылдайды, – деді Еділ Оспан.
Вице-министрдің сөзінше, балалар интернат мекемелерін институционалсыздандыру саясаты жалғасын тауып жатыр. Яғни, осы бағытта балалар үйлеріне балама болып кәсіби отбасы институты енгізілді. Бұл кәсіби отбасы моделі жетім балаларды жанұялық ортада тәрбиелеуге бағытталды және осы миссиясын орындай алды.
Сондай-ақ, еліміздің барлық өңірінде балалар үйі түлектерін әлеуметтік қолдауға арналған "Мейірім" қайырымдылық акциясы қолдау тауып келеді. Бұл жоба аясында балаларға моральдық және материалдық тұрғыда жағдай жасалады.
– Жетім балаларды тұрғын үймен қамтамасыз ету бойынша да жаңа тетіктер енгізіліп жатыр. Бұл – олардың қоғамға бейімделуі мен толыққанды өмір сүруіне бағытталған маңызды қадам, – деп сөзін қорытындылады вице-министр.
Қазіргі уақытта министрлік жетім балаларды қолдаудың заманауи әрі тиімді үлгілерін енгізу арқылы интернат мекемелерін қысқарту, балаларды отбасына орналастыру және қоғамдық қолдауды арттыру бағытында жүйелі жұмыстарды қолға алуда.