Мәжіліс депутаты Жанарбек Әшімжан елдегі үш ірі ұялы байланыс операторының тарифтерін 20%-ға көтеру жоспарын сынап, бұл әрекеттің нарықтағы бәсекелестікті шектеу қаупін тудыратынын айтты, деп хабарлайды Egemen.kz.
Депутаттың сөзінше, операторлар арасындағы бағаның бір уақытта өсуі тәуелсіз шешімнен гөрі, өзара келісімнің белгісі болуы мүмкін.
«Үш ірі оператордың бір уақытта тариф көтеруі нарықтағы бәсекенің емес, өзара келісімнің, үйлесімнің белгісі сияқты көрінеді», деді депутат.
Жанарбек Әшімжанның айтуынша, осы жағдай ұялы телефон мен интернет қызметін жеткізу секторында монополиялық келісім фактілерін тексеруді қажет етеді.
«Аталған компаниялар нарықтағы үстемдік жағдайын пайдаланып, баға жөнінде келісім жасады ма, жоқ па соны анықтау керек. Бұл нарыққа заңсыз ерекше құқық берілгенін көрсетеді. Мұндай ерекшелікті жою үшін басқа қатысушыларды тарту қажет, яғни бәсекелестікті арттыру маңызды», деді депутат.
Операторлардың түсіндіруінше, тарифтердің өсуіне жаңа Салық кодексі, сондай-ақ желілерді дамыту, жаңғырту және қызмет көрсету шығындарының артуы себеп болған.
Осы ретте депутаттар Премьер-министрден және Бәсекелестікті қорғау агенттігінен тарифтердің қымбаттауы және операторлардың нарықтағы іс-әрекеттері бойынша толық түсініктеме беруді талап етті.