Қазір операторлар есептеулер жүргізіп жатыр.
Отандық ұялы байланыс операторлары 2026 жылы тарифтер қалай өзгеруі мүмкін екенін айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
"Ұялы байланыс қызметтерін көрсету ережелерінде шығындардың өсуіне негізделген жағдайлар болған жағдайда, байланыс қызметтерінің тарифтері көтерілуі мүмкін деген норма бар. Тарифке операторлардың бірқатар шығындары кіреді, оның ішінде электр энергиясына, жабдық сатып алуға кететін шығындар бар. Барлық телекоммуникациялық жабдық шетелдікі, яғни Қазақстаннан тыс жерде өндіріледі. Осылайша егер бұл жабдыққа немесе электр энергиясына кететін шығындар өссе, бұл тарифтердің өсуіне әсер етпей қоймайды", – деді "Қазақтелеком" АҚ әкімшілік директоры Ержан Мейрамов.
Beeline Kazakhstan президенті Евгений Настрадиннің айтуынша, тариф жылына бір реттен артық көтерілмейді.
"Келесі жылы ҚҚС көтеріледі. Бұл салаға 35-40 млрд теңге көлемінде әсер ететін фактор. Сәйкесінше баға 2026 жылдың қаңтарында өзгереді деп жоспарлап отырмыз. Меніңше, биыл баға өспейді. Біз шамамен 15-20% көлемінде көтереміз деп болжап отырмыз", – деді ол.
"Кселл" АҚ басқарма төрағасы Асқар Жамбакиннің айтуынша, жалдау құны өзгеріп, валюта бағамы көтерілсе, компания тарифтерді қайта қарауы мүмкін.
"Бізде 2026 жылы өзгермейтін әлеуметтік тарифтер де бар. Соларға қосылуға болады, сонда 2025 жылғы тариф сақталады. Қазір біз 2026 жылға есептеулер жүргізудеміз. Клиенттер алдын ала хабардар етіледі деген ойдамын. Әзірге есептеу жүріп жатыр", – деді ол.
"Мобайл Телеком-Сервис" басқарма төрағасы Александр Бабичев операторлар бағаны жайдан-жай көтермейтінін айтты.
"Тарифтік жоспарларды түзету қажеттілігінің басты себебіне интернет қызметтеріне деген сұраныстың артуы, инфрақұрылымның соған ілесе алмауы жатады. Яғни, барлық оператор инфрақұрылымға өте жылдам қарқынмен инвестиция құюға мәжбүр. Қазір бәлкім барлық компания келесі жылға бюджет жоспарын қарап жатқан шығар. Әрине біз салықтық өзгерістерді, инфляциялық күтулерді, инвестициялардың бәрін есепке аламыз", – деп түсіндірді ол.
Оның болжамынша, өсім шамамен 15-20% деңгейінде болмақ.