Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Жаслан Мәдиевтен ұялы байланыс операторлары тарифті неге көтеріп жібергені, бірақ байланыс сапасы жақсармағаны сұралды, — деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

"Қазақстандықтар байланыс сапасына жиі шағымданады. Ал мобильді операторлар тарифтерді көтеріп жатыр. Тариф қымбаттаса да байланыс сапасы неге жақсармай тұр?" — деп сұрады журналистер.

Жаслан Мәдиев мәселенің түпкі себебі неде екенін айтты.

"Мынадай себептері бар: жаңа аудандар пайда болуы, қаланың кеңеюі, белсенді құрылыс, жаңа ғимараттар. Мобильді операторлар базалық станцияларды орнату, электр энергиясын жеткізу, сол жерлерде антенна құрылымдарын салу мәселелерін жедел шешуі керек. Бұл біраз уақыт алады. Шағым болса, азаматтар e-otinish арқылы жүгінеді. Біз жауап береміз, тексереміз", — деді министр.

Оның айтуынша, министрлік бұл жұмыспен үнемі айналысады.

"Біз оларды (операторлар — еск.) бақылап отырамыз, сапаны өлшейтін радиожиілік қызмет бар (байланыстың сапасын — еск.). Минималды шекті мән, секундына мегабит көрсеткіші, байланыс сапасы бойынша нормативті талаптар бар. Олар бұзылса, шара қабылдаймыз", — деді министр.

Кейінгі уақытта халық әлеуметтік желілер мен мессенджерлерде ұялы байланыс бағасы өскеніне жиі шағымданады. Көптеген абонент тарифтер қымбаттағанына наразы, олардың пікірінше, баға өссе де байланыс сапасы өзгеріссіз қалып отыр.

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз

Logotype Massaget