Тағы бірнеше елді мекен интернет желісіне қосылмаған.

Барлығы ұялы байланыс пен жаһандық желіге тірелетін қазіргі уақытта Павлодар облысындағы ондаған ауылдың тұрғындары байланыс аясынан тыс жерде қалып отыр, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.

Атап айтқанда, 10 ауылда ұялы байланыс мүлде жоқ. Бұл елді мекендердің әрқайсысында 35 адамнан 250 тұрғынға дейін тұрады. Бірақ олардың нақты қай уақытта ұялы байланыс желісіне қосылары әзірше белгісіз.

Себебі ұялы байланыс операторларының жұмысын реттейтін заңнамаға сәйкес, олар 250 адамнан көп тұрғыны бар елді мекендерге басымдық береді. Ал одан аз халқы бар ауылдар көп жағдайда шетте қалып жатады.

"Қазақстан Республикасының аумағында байланыс желісін қосқан кезде оларға лицензия беріледі. Сол лицензияға министрлік міндеттемелерді қоса береді. Яғни, қандай да бір елді мекенге өз қаражаттары есебінен бағаналарды орнатып, базалық станциялар қоюға міндеттеледі. Сол арқылы ұялы байланыспен қамту мәселесі кезең-кезеңімен шешілуде. Өкінішке қарай, кейде оны орындамайтындары да бар. Мәселен, өткен жылы Теле2 операторы екі елді мекенде лицензиялық міндеттемесін орындаған жоқ. Бұл жөнінде біз министрлікке тиісті хат жолдадық", — дейді Павлодар облыстық цифрлық технологиялар басқармасының басшысы Ағыбай Әмірин.

Жалпы, 2019-2024 жылдары 20 елді мекен ұялы байланыс желісіне қосылды. Соның нәтижесінде байланысқа қолжетімділік 91,5%-дан 97,1%-ға жетті. Сөйтіп, бүгінде өңірдегі 352 ауылдың 342-сі ұялы байланысқа қосылған.

Ал 9 ауылда интернет мүлде жоқ. Сымдық, сымсыз, 3G, 4G, АDSL – ешқайсысына қосылу мүмкін емес. Соңғы бес жыл аралығында 8 елді мекенде жаһандық желіге қосылу мүмкіндігі пайда болған соң интернетпен қамту көсреткіші 94,9%-дан 97,4%-ға дейін көтерілді. Ендігі ретте 9 ауылдың тұрғындарының интернетті пайдалану мүмкіндігі болуы үшін жергілікті билік байланыс операторларымен бірлескен жұмыс жүргізуде.