Аталған ел " Ислам мемлекеті" экстремистік тобына қарсы халықаралық коалицияға қосылуға ниетті екенін білдірген.

Мұны АҚШ президенті әкімшілігінің жоғары лауазымды өкілі растады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Сирия билігінің бұл жоспары Ақ үйде өткен АҚШ президенті Дональд Трамп пен Сирия президенті Ахмед аш-Шараа арасындағы кездесуден соң айтылған.

Ескерте кетейік, Сирия коалицияға қосылатын 90-шы мемлекет саналады. Ұйым "Ислам мемлекетінің" қалған жасақтарын жою және Таяу Шығысқа шетелдік содырлардың келуін тоқтатуды басты мақсат етеді.

Fox News телеарнасының Special Report бағдарламасына берген сұхбатында аш-Шараа аталған сапар Сирия мен АҚШ арасындағы жаңа дәуірдің басталғанына назар аударған. Трамп та сириялық әріптесін қолдайтынын білдірді.

Бұл – қос ел президентінің биылғы үшінші кездесуі. Осыған дейін олар мамырда Парсы шығанағы араб мемлекеттері ынтымақтастығы кеңесінің саммитінде, одан соң қыркүйекте БҰҰ Бас ассамблеясы сессиясы кезінде өткен ресми қабылдауда жолыққан болатын.