АҚШ Сирия аумағында «Ислам мемлекеті» (ИГИЛ) содырларына қарсы әскери операция бастады, деп жазады Egemen.kz.
Бұл шара Пальмира қаласында америкалық әскери қызметкерлерге жасалған шабуылға жауап ретінде қолға алынған. Бұл туралы АҚШ Қорғаныс министрі Пит Хегсет мәлімдеді.
АҚШ Қорғаныс министрінің айтуынша, америкалық әскерилер Сирияда «Ястребиный удар» («Hawk Strike») деп аталған операцияны бастады.
— Бүгін АҚШ әскері Сирия аумағында ИГИЛ содырларын, олардың инфрақұрылымы мен қару-жарақ қоймаларын жою мақсатында операция жүргізуді бастады. Бұл 13 желтоқсанда Сирияның Пальмира қаласында америкалық әскерге жасалған шабуылға жауап болып отыр, — деп жазды Пит Хегсет X әлеуметтік желісіндегі парақшасында.
Оның сөзінше, бұл әрекет соғыстың басталуы емес, шабуылға берілген қатаң жауап.
— Бұл — соғыс жариялау емес, бұл — кек. Президент Дональд Трамп басшылығындағы АҚШ өз азаматтарын қорғауда ешқашан кідірмейді. Егер әлемнің кез келген нүктесінде америкалықтарға шабуыл жасалса, біз кінәлілерді тауып, оларды аяусыз жоямыз. Бүгін біз жауларымызды анықтап, көзін жойдық. Және бұл әрекет жалғаса береді, — деді Пентагон басшысы.
The New York Times басылымының жазуынша, АҚШ Сириядағы әуе соққыларын жұма күні, 19 желтоқсанда бастаған. Операцияға жойғыш ұшақтар, тікұшақтар мен артиллериялық бөлімшелер тартылған. Америкалық шенеуніктің айтуынша, «жаппай шабуыл» бірнеше сағатқа созылып, сенбі күні таңертеңге дейін жалғасады.
Бұған дейін АҚШ президенті Дональд Трамп Пальмирадағы шабуыл үшін жауапты ИГИЛ қатаң жауап алатынын мәлімдеген болатын. Оның айтуынша, Сирия билігі АҚШ-тың бұл әрекеттерін толық қолдап отыр.