Суданда қантөгіс тоқтайтын емес. Жағдай ушыққан үстіне ушығып барады. Ел аш-жалаңаш. Зорлық-зомбылық көбейді. Шамамен бір ай бұрын Жедел қолдау күштері басып алған Эль-Фашер қаласында ашаршылық басталды.
Бейбіт халық дәрі-дәрмек тұрмақ, бір үзім нан мен қара суға зәру. Бұған халықаралық қауымдастықта қайран қыла алмай отыр. Елге келген Біріккен Ұлттар Ұйымының өкілдері жағасын ұстап қайтты.
Эль-Фашердегі дүрбелеңнен қашуға мәжбүр болған тұрғындардың басым бөлігі қазір Тавила мен Корма қаласын паналап жүр. Ішерге ас, киерге киім жоқ. Тұрғындар қара суға зар болып отыр. Адам өлімі, жыныстық зорлық-зомбылық, этносаралық қақтығыстар... Кейінгі екі жылда азғындықтың небір түрімен бетпе-бет келген Судан халқы өлместің күйін кешіп жатыр. Пана іздеп Эль-Фашерден Тавилаға келгендердің бірі – Сумайя. Сол бір жантүршігерлік күнді әйел қорқынышпен еске алады.
Сумайя, босқын:
- Олар бізді жан-жағымыздан қоршап алды. Су көздеріне, базар, диірменге көз тікті. Дүкендер тоналды. Қалаға ешқандай тамақ кіріп-шыға алмады. Төбемізде дрондар ұшып жүрді. Жер мен көк қарудың түр-түріне толы болды. Тіпті олардың атауын да білмеймін.
Онсыз да босқынға толы Тавилаға кейінгі айда тағы 10 мыңдай тұрғын қоныс аударды. Жалпы шаһарға сәуір айынан бері 600 000 адам келген. Басым бөлігі – әйелдер мен балалар. Өйткені еркек атаулы діттеген жерге жете алмай қаза тапқан.
Сальма Мохаммед, босқын:
- Көз алдымызда жақындарымыздан айырылдық. Ер азаматтарды өлтіріп салды. Кейбірін Эль-Фашерден қашып бара жатқан жерінен ұстап алды. Із-түзсіз жоғалып кеткендер де бар. Олардың жағдайы әлі күнге беймәлім.
Біріккен Ұлттар Ұйымының өкілдері Тавила мен Корма қалаларына гуманитарлық көмек көрсетіп жатыр. Дәрігерлердің айтуынша, күніне оққа ұшып, азап шеккен 250-ге жуық адам көмек сұрап келеді. Алайда Эль-Фашерге ақыры кіре алмады. Өйткені рұқсат жоқ. Қазір онда 200 мыңға жуық тұрғын бар. Олардың бәрі медициналық көмек пен азық-түлікке мұқтаж. Елде медициналық мекемелердің жартысына жуығы жұмысын тоқтатқан.
Том Флетчер, БҰҰ Бас хатшысының гуманитарлық мәселелер бойынша орынбасары:
- Мемлекет қақтығысты аяқтау жолдарын тапқанша гуманитарлық көмекті тоқтатып қойып, адам өлімінің жалғасуына қарап отыруға болмайды. Кедергісіз, саясаттың араласуынсыз бейбіт тұрғындарға көмектесуге мүмкіндік алуымыз керек. Қолдан келгенше жәрдем беруді жалғастырамыз. Халық айлап күте алмайды. Тез арада Эль-Фашерге кіру қажет.
Елде аштық пен ауызсу тапшылығының кесірінен инфекциялық аурулар өршіді. 120 мыңнан астам адам тырысқақ жұқтырған. Оның 3,5 мыңы көз жұмды. Эль-Фашер, Кадугли қалаларында аштық ресми тіркелді.
Карл Скау, БҰҰ Дүниежүзілік азық-түлік бағдарламасы атқарушы директорының орынбасары:
- Кадугли қаласына гуманитарлық жүк жібердік. Дарфур ауданындағы 2 млн-ға жуық адамға көмек бердік. Бірақ халықтың қажеттілігін ескерсек, бұл теңізге тамған тамшы іспеттес. Көмек жүйелі түрде және үлкен көлемде көрсетілуі тиіс.
Судандағы Қарулы күштер мен Жедел әрекет ету күштері арасындағы азаматтық соғыс 2023 жылы басталды. Содан бері 40 мыңнан астам адамның өмірі қиылды. Ал 12 млн тұрғын ел ішінде босып кетті. Біріккен Ұлттар Ұйымы әлем елдерін Судандағы бассыздыққа назар аударып, әділетсіздікке қарсы жұмыла күресуге шақырады.
Авторы: Мөлдір Жақан