Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Иран халқына гуманитарлық қолдау көрсету жөнінде берген тапсырмасына сәйкес KazAID халықаралық даму агенттігі Сыртқы істер, Төтенше жағдай және Денсаулық сақтау министрліктерімен бірлесе отырып Иран Ислам Республикасына арналған гуманитарлық көмекті жеткізді, деп хабарлайды Egemen.kz.


«Серахс» теміржол бекетінде гуманитарлық жүкті Иранның Қызыл Жарты Ай қоғамына тапсыру рәсімі өтті.

Іс-шараға Қазақстан Республикасының Иран Ислам Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Оңталап Оңалбаев, Иран Қызыл Жарты Ай қоғамының өкілдері, сондай-ақ Иран Ислам Республикасы Сыртқы істер министрлігінің Хорасан-е Разави провинциясындағы (Мешхед қ.) өкілдігінің басшысы Ғоламаббас Арбаб Халес қатысты.

Гуманитарлық жүк құрамына ет консервілері, қант, бірінші сортты ұн, медициналық бұйымдар мен дәрілік заттар кірді. Қазақстан тарапынан жіберілген гуманитарлық көмек Иран халқына қолдау көрсетуге және әлеуметтік маңызы бар қажеттіліктерді қамтамасыз етуге бағытталған.

Қазақстан Елшісі Оңталап Оңалбаев Иран Қазақстанның Таяу Шығыс пен ислам әлеміндегі маңызды саяси, сауда-экономикалық және гуманитарлық серіктестерінің бірі екенін атап өтті.

«Достар қиын қыстау кезеңде сыналады. Қазақстан түрлі кезеңдерде Иран халқына қолдау көрсетіп келеді», деп атап өтті Елші.

Өз кезегінде Иран Қызыл Жарты Ай қоғамының өкілі Қазақстан тарапына көрсетілген гуманитарлық көмек үшін ризашылығын білдіріп, бұл қадам екі ел арасындағы екіжақты қатынастарды және өзара қолдауды одан әрі нығайтуға ықпал ететінін жеткізді.

30 вагон гуманитарлық жүк Тегеран қаласына жеткізіліп, тиісті мекемелер арасында бөлінді.

Бұған дейін Әзербайжанның Иранға гуманитарлық көмек жібергенін жазған едік.