Қазақстан Ауғанстанға 18 тонна гуманитарлық жүк жөнелтті. Биыл алғаш рет көмек көрсету миссиясына қазақстандық дәрігерлер де тартылып отыр. Олар жер сілкінісінен зардап шеккендерге операция жасап, жергілікті медицина мамандарымен тәжірибе алмасады.

Мына жәшіктер мен қаптардың ішінде ондаған тонна жүк бар. Гуманитарлық көмек негізінен дәрі-дәрмек, медициналық жабдықтар мен ота жасауға арналған материалдар. Сонымен бірге алғашқы қажеттіліктерге арналған қысқы шатырлар, матрастар, жастықтар мен көрпелер де жөнелтілді. Гуманитарлық жүк Кабулдағы арнайы қабылдау орталықтарына жеткізіліп, сонда сұрыпталады. Содан кейін жер сілкінісінен зардап шеккен тұрғындарға таратылады.

Олжас Бекарысов, Н.Ж. Батпенов атындағы ұлттық ғылыми травматология және ортопедия орталығының директоры:

- Ауғанстанға алғаш рет келуіміз. Осындағы мамандарға төтенше жағдай кезіндегі медициналық көмек туралы арнайы бағдарлама әзірледік. Бұл миссия біз үшін айрықша маңызға ие.

Қазір Ауғанстанда медицина қызметкерлері тапшы. Кейінгі жойқын жер дүмпулері жағдайды одан әрі қиындатты. Сол себепті қазақстандық мамандар жедел медициналық көмектен бөлек, ауған дәрігерлеріне тәжірибелік кеңес береді.

Ғазиз Ақбасов, ҚР Ауғанстандағы уақытша сенімді өкілі:

- Қазақстан Ауғанстанға 23 жылдан бері тұрақты гуманитарлық қолдау көрсетіп келеді. Алайда медициналық бағыттағы мұндай миссия еліміз үшін алғаш рет жүзеге асырылып отыр.

Жақында Ауғанстанда болған бірнеше жойқын жер сілкінісі мыңдаған адамның өмірін қиып, көптеген отбасы үйсіз, далада қалды. Жергілікті билік өкілдері апатқа дайын болмағанын ашық мәлімдеді. Қазір Қазақстанның қолдауымен зардап шеккен аймақтарда қалпына келтіру жұмыстары жүргізіліп, тұрғындарға қажетті көмек көрсету жұмыстары жалғасып жатыр.

Бурхануддин Хан, Ауғанстанның табиғи апаттарға қарсы күрес жөніндегі ұлттық басқармасының бөлім басшысы:

- Қазақстан әрдайым алғашқы болып көмек көрсетеді. Бізге гуманитарлық та, саяси да қолдау білдіріп келеді. Біз бұл ынтымақтастықты жоғары бағалаймыз.

Қазіргі уақытта қос тарап бірлесіп, ұзақ мерзімді қалпына келтіру жобаларын жоспарлап жатыр. Келіссөздер аясында теміржол желісін салу, медициналық орталықтар мен мектептер тұрғызу және тұрғындарды таза ауыз сумен қамту мәселелері қарастырылуда.

Авторлары: Динара Орынтай, Тамерлан Ким