Тегеран тұрғындары небәрі 2 аптадан соң ауызсусыз қалуы ықтимал.

Себебі, Иран астанасын негізгі су көзімен қамтамасыз ететін су қоймасының халі мүшкіл, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

– Тегеранды ауызсумен қамтамасыз ететін 5 су қоймасының бірі Амир Кабир қазіргі уақытта небәрі 8 пайызға ғана (14 миллион текше метр су) толы. Бір жыл бұрын оның көлемі 86 миллион текше метрге жеткен еді. Бірақ содан бері бұл аймақта жауын-шашын мөлшері 100 пайызға қысқарды, – деп жазады Al Jazeera.

Тегеран су жүйесін басқару компаниясы басшысының деректерінше, су қоймасы Иран астанасын тек 2 апта көлемінде ғана ауызсумен қамтамасыз ете алады. Ирандық БАҚ Тегеран тұрғындары тәулігіне шамамен үш миллион текше метр су тұтынатынын жазады.

Қазірдің өзінде жағдайды тұрақтандыру шарасы ретінде кейбір ауданға су беру тоқтатылып отыр.

Al Jazeera Иран соңғы ондаған жылдағы ең ауыр құрғақшылықтың біріне тап болғанын ескертеді.

Осыған дейін Иран президенті де Тегерандағы су тапшылығының күрделі жағдайын баяндаған еді.

Ирандық БАҚ-тың жетекшілерімен кездесуде ол билік тарапынан қабылданып жатқан шараларға тоқталды. Президенттің сөзінше, Талекан су қоймасынан Тегеранға су жеткізу жобасы іске асырылып жатыр. Бұл қадам арқылы күзгі кезеңде провинцияны сумен қамтамасыз етуге мүмкіндік туады.