Мамандар мұны ең алдымен еңбекақы қоры мен материалдық шығындардың өсуімен байланыстырады .

Астанада ауыз судың орташа тарифі қазір текше метріне 158 теңге болса, келер жылдан бастап оның мөлшері 68 теңгеге қымбаттауы мүмкін. Бұл туралы қалалық "Астана су арнасы" кәсіпорны мәлім етті, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты 24.kz арнасына сілтеме жасап.

Коммуналдық кәсіпорынның есебіне сәйкес, су бұру және тазарту қызметінің орташа тарифі 44 пайызға көтерілуі ықтимал. Қазіргі тариф текше метріне 174 теңге болса, 2026 жылы бұл көрсеткіш 251 теңгеге дейін өсуі мүмкін.

Сондай-ақ 2027-2030 жылдар аралығында тарифтердің жыл сайын шамамен 11 пайызға өсуі болжанып отыр.

Мамандар мұны ең алдымен еңбекақы қоры мен материалдық шығындардың өсуімен байланыстырады.

ҚР Ұлттық экономика министрлігі Табиғи монополияларды реттеу комитетінің Астана қаласы департаментінің басшысы Жандос Сәлімов тариф өсімінің себептерін түсіндірді.

"Тарифтің өсімі бар, бірақ оның негіздері де бар. Біріншіден, жұмысшылардың жалақысын көтеру қажет. “Астана су арнасы” мекемесінде еңбекақы басқа ұйымдарға қарағанда төмен. Орташа жалақы – 390 мың теңге. Алдағы уақытта осы мәселе қаралады", – деді ол.