Бұл туралы Prensa Latina басылымы жазды.

Қазір қатты дауыл салдарынан 63 су жүйесі зақымданғаны, 1,27 миллионнан астам тұрғынның ауызсудан уақытша ажыратылғаны белгілі болды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Елдің төтенше жағдайлар орталығының директоры Хуан Мануэль Мендестің сөзінше, табиғи апаттан 260-тан көп үй бүлініп, шамамен 1,5 мыңға жуық адам баспанасыз қалған.

Соңғы бірер күнде Доминиканың аумағына жеткен дауыл қатты жел мен нөсер жаңбыр тудырып, алып ағаштарды құлатқан, ғимараттарға да зиянын тигізген.

Қазіргі уақытта 4 провинцияда жоғары дайындық режимі сақталған. Ал қалған 28 провинцияда күн райының жақсаруына байланысты жұмыс пен оқу процесі қайта жанданғаны айтылады.

Куба метеорология институты (Insmet) хабарлағандай, дауыл соңғы 12 сағатта күшейіп, Ямайканың оңтүстігін бетке алған. Осыған орай Ямайка билігі астана Кингстонмен бірге, бірнеше ауданнан халықты эвакуациялау туралы шешім қабылдады.

Куба президенті Мигель Диас-Канель де аралдың шығыс аймағынан мыңдаған адамды эвакуациялау басталғанын хабарлаған. Гаити мен Ямайканың кейбір жерлеріне су тасқыны мен көшкін қаупі де төніп тұр. Синоптиктердің болжамынша, дауыл әлі де жылжи түседі.

АҚШ Ұлттық дауылдарды бақылау орталығының 26 қазандағы ақпаратында Атлант мұхитында қалыптасқан "Мелисса" дауылы Саффир – Симпсон шкаласы бойынша төртінші категорияға дейін күшейгені жайлы дерек бар.