Трансплантациялау мен жоғары технологиялық медициналық қызметті үйлестіру жөніндегі республикалық орталық директорының міндетін атқарушы Назгүл Жангелдина қазақстандықтардың ағза донорлығы мәселесіне қатысты белсенділігі төмен екенін айтты.

Оның сөзінше, eGov.kz порталында қазіргі таңда 134 мыңнан астам азамат қайтыс болғаннан кейінгі ағзаларын донор ретінде пайдалануға келісім немесе бас тарту жөнінде өтініш берген, деп жазады inbusiness.kz сайты.

– Бұл жалпы халықтың шамамен 3 пайызы ғана. Донор болу туралы шешімін 18 бен 65 жас аралығындағы азаматтар білдіре алады. Елімізде бұл санатқа жататын шамамен 10 миллион адам бар, – деді ол Орталық коммуникациялар қызметінде өткен дөңгелек үстелде.

Жангелдинаның айтуынша, соңғы жылдары донорлыққа келісім білдірушілер саны артқанымен, бас тартушылар үлесі де соған пропорционалды өсіп келеді.

– Бұл қоғамда әлі де сенім мен ақпараттану деңгейінің төмен екенін көрсетеді, – деп қорытындылады ол.