Жасөспірімнің азаматтық ұстанымы мен мемлекеттік рәміздерге деген құрметі жоғары бағаланды.


Түркістан қаласында жел ұшырып құлатқан Әзербайжан Республикасының мемлекеттік туын көтеріп, құрметпен орнына қойған 11-сынып оқушысы Нұрсұлтан Базарбайұлын Түркістан облысы полиция департаментінің бастығы арнайы қабылдады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Кездесу барысында ПД бастығы Арыстанғани Заппаров жасөспірімнің азаматтық ұстанымы мен мемлекеттік рәміздерге деген құрметін жоғары бағалап, мұндай әрекет өскелең ұрпақтың тәрбиесі мен мәдениетінің айқын көрінісі екенін атап өтті. Сондай-ақ ол Нұрсұлтанға рухани құндылықтарды насихаттайтын жазушы Шерхан Мұртазаның кітабын сыйға тартты.

Арыстанғани Заппаров оқушыға алдағы оқуына сәттілік тілеп, оның елге қызмет ететін білімді әрі саналы азамат болып қалыптасатынына сенім білдірді. Өз кезегінде Нұрсұлтан Базарбайұлы бұл кездесудің өзі үшін үлкен мәртебе екенін айтып, көрсетілген құрметке ризашылығын жеткізді.

Айта кетейік, Түркістан қаласында түсірілген бейнежазба әлеуметтік желіде кеңінен тарап, қоғам тарапынан оң бағасын алған болатын. Оқушының бұл әрекеті Қазақстанмен қатар Әзербайжан жұртшылығының да ықыласына ие болып, екі ел арасындағы достық пен өзара сыйластықтың жарқын үлгісі ретінде бағаланды. Аталған кездесу жас буынның азаматтық жауапкершілігін арттыруға және патриоттық тәрбиені нығайтуға бағытталған маңызды бастама болды.