Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева жуырда елімізде өткен Республикалық репродуктивті денсаулық апталығының қорытындыларымен бөлісіп, бұл бастаманың болашақ ұрпақ денсаулығы үшін маңызды екенін атап өтті, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Біз болашақ ұрпақтың денсаулығы мен әл-ауқаты үшін қамқорлық мәдениетін қалыптастыруға бағытталған ауқымды ақпараттық-ағартушылық науқанды қорытындыладық, – деді министр өз жазбасында.
12-16 мамыр аралығында өткен апталық мемлекет басшысы жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның бастамасымен және ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен екінші жыл қатарынан жүзеге асырылды.
Нақты нәтижелер мен кең ауқым
Биылғы апталық аясында:
20 мыңнан астам іс-шара ұйымдастырылып,
500 мыңға жуық адам қамтылды (бұл өткен жылмен салыстырғанда екі есе көп),
Әлеуметтік желілерде 360 мыңға жуық жазба жарияланды,
БАҚ-та 1,5 мыңнан астам материал жарық көрді,
78 мыңнан астам азамат тегін кеңес алды,
8 мыңнан аса адамға ЖЖБИ/АИТВ бойынша тестілеу жүргізілді.
Министр Балаева бұл жетістіктердің артында ауқымды ынтымақтастық тұрғанын ерекше атап өтті:
Бұл нәтижелер — Ұлттық комиссия мүшелерінің, мемлекеттік органдардың, үкіметтік емес ұйымдардың, сарапшылық және ғылыми қауымдастықтардың бірлескен қажырлы еңбегінің арқасы, – деді ол.
Келешекке бағытталған қадам
Аида Балаева сонымен қатар барлық серіктестерге — Денсаулық сақтау, Оқу-ағарту, Ғылым және жоғары білім министрліктерінің мамандарына, ЮНФПА, ДДСҰ, ЮНЕСКО және отандық ҮЕҰ-на шынайы алғыс білдіріп:
Біз ортақ мақсат — келешек ұрпақтың саулығы үшін тиімді ведомствоаралық өзара іс-қимыл үлгісін көрсете алдық, – деп атап өтті.
Министрдің айтуынша, репродуктивті денсаулық мәдениетін дамыту жұмыстары алдағы уақытта да жалғасын табады.
Тек ақпараттандырылған, денсаулық мәселелері жайлы ашық сөйлесе алатын әрі саналы шешім қабылдайтын қоғам ғана дені сау ұрпақты тәрбиелей алады, – деді Аида Балаева.