Бірақ жергілікті биліктің бұл әрекеті заңсыз болып шықты.
Павлодар облысына қарасты Тереңкөл ауданының бір топ шаруасы "Жұмыспен қамтудың жол картасы" бағдарламасының қатысушысы болған, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.
Бағдарлама аясында жеке қосалқы шаруашылықты дамытып, дөңгелетіп отырған тұрғындарға шалғайдағы мал шаруашылығы үшін арнайы блок-модульдер берілген. Яғни, бұл блок-модульдер арқылы ауылдағы ағайын төрт түлігін бағып, мал басын көбейтіп отырған.
Алайда бағдарлама аяқталған соң аудандық әкімдік әлгі модульдерді қайтарып беруді талап еткен. Бірақ бағдарламаның шартына сәйкес, олар кәсіпкерлердің иелігіне өтуі тиіс еді.
Бұл мәселеге облыстық прокуратура өкілдері нүкте қойды. Құзырлы орган өкілдері мүлікті қайтарып беруді талап ету жасалған келісімшарттарға қайшы екенін дәлелдеді. Мұндай тәжірибе өзге аудандар түгілі басқа облыстарда да жоқ. Бағдарламаның игілігін көрген өзге азаматтар блок-модульдерді әлі күнге дейін пайдалануда.
Сөйтіп, мәселеге прокуратура араласқан соң павлодарлық бес кәсіпкердің құқығы қорғалып, қалпына келтірілді. Енді олар мал шаруашылығын әрі қарай да дамыта алады.