Сотталушы осы жолы да Шымкент қаласы әкімінің орынбасарынан қайта-қайта кешірім сұрады.
Өз кінәсін ішінара мойындаған айыпталушы соттан әділ шешім шығаруды өтініп отыр, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Осылайша, Руслан Берденовке 5 рет оқ атқан Ернар Жиембай сот отырысында соңғы сөзін айтты.
– Маған тағылған айыппен ішінара келісемін. Десе де, бұл оқиға өзінен-өзі болған жоқ. Мен өзімді есі дұрыс адам ретінде осыны айта аламын. Сараптама қорытындылары да бар. Себепсізден-себепсіз барып, тиіспеген адамға қаруымды алып, қорқыту мақсатында оқ атқан жоқпын. Сот тергеуінде берген жауабымды толық қуаттаймын. Жәбірленуші Руслан Арысбекұлынан кешірім сұраймын. Қалай болмасын, мен ол кісінің денсаулығына ауыр зиян келтірдім, – деді ол.
Айыпталушы үйінің асыраушысы екенін еске салып, соттан жеңіл жаза тағайындауын сұрады. Сондай-ақ, "уақыт кері айналса, мұндай қадамға мүлдем бармас едім" деді.
– Бұл – мен үшін үлкен сабақ. Мен осыны түсіндім. Сыртта ата-анам қалды. Мен де адам баласымын. Менің де жүрегім бар. Әкем ауырады. Отбасымды асыраушы ұлдардың бірі едім. Екі ұлым бар. Отбасым мен балаларымды ойласам, қатты қиналамын. Өкінемін. Бұл оқиға артқа айналса, мұндай жағдайға ешқашан бармас едім. Соттан ҚР Қылмыстық кодексінің 106-бабының 1-бөлігімен жеңіл жаза тағайындауды сұраймын, – деді Е.Жиембай.
Сотталушы Руслан Берденов тарапынан 25 миллион теңге көлемінде өтемақы талап етілгенін де сөз етті.
Содан соң, қолымен жасаған ісін мойнымен көтеретінін, әуелі Аллаға, одан кейін әділ сотқа сенетінін айтты.
Судья Әбинұр Қарабаев сот үкімінің алдын ала жариялануы 20 тамыз күні сағат 12:00-ге тағайындалғанын жеткізді.
Кеше прокурордың Ернар Жиембайды 11 жыл, 3 айға соттауды сұрағанын жазған едік.