Ішкі істер министрлігі әлеуметтік желі мен мессенджердегі парақшаны басқа адамдарға бермеу керек екенін мәлімдеді, — деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Ведомство мәліметінше, алаяқтар жасөспірімдерден sim карта мен парақшасын алып, оларды өз мақсатына пайдаланады. Полиция мұндай әрекеттер қылмысқа жәрдемдесу ретінде сараланатынын ескертті.

"Кәмелетке толмағандар материалдық сыйақы алу мақсатында әлеуметтік желілер мен мессенджерлер арқылы үшінші тұлғалардың өтінішімен sim картаны іске қосып, оларды әлеуметтік желі мен мессенджерге тіркеп, кейін басқа адамдарға берген жағдайлар тіркеліп жатыр. Қаскөйлер бұл парақшаны азаматтарға алаяқтық қоңыраулар жасау үшін пайдаланады", — деді ІІМ киберқылмысқа қарсы іс-қимыл департаментінің басқарма бастығы Бейбіт Біржанов.

ІІМ азаматтарға мынадай ескерту жасады:

  • шығу тегі күмәнді sim карта мен құрылғыны сатып алмау және таратпау керек;
  • өз парақшасын үшінші тұлғалардың пайдалануына бермеу қажет;
  • кәмелетке толмағандарға мұндай әрекеттердің жауапкершілігі мен салдарын түсіндірген абзал.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

Logotype Massaget