Бүгін апелляциялық алқа Талғарда қаза тапқан Шерзат Болаттың ісіне қатысты 8 сотталушының шағымы бойынша шешім шығарды.
Кеше 18 тамызда Шерзат ісі бойынша апелляциялық шағым қарала бастады, деп жазады inbusiness.kz сайты.
Айта кетейік, апелляциялық шағымға Досымбек Қалдарбек есімді судья төрағалық етті. Атышулы істегі барлық сегіз сотталушы өтініш беріп, олар өздерін ақтауды немесе ішінара ақтауды сұрады. Сот офлайн режимде өтті. Алайда, процесті түсіруге тыйым салынды.
Тараптарды тыңдағаннан кейін апелляциялық алқа бірінші сатыдағы үкімді өзгеріссіз қалдыру туралы шешім шығарды.
Айта кетейік, 5 маусымда Талдықорған сотында 9 айыпталушыға үкім шығарылды. Шерзатқа пышақ жарақатын салған басты айыпталушы Абзал Шынасыл 23 жылға бас бостандығынан айырылды. Равиль Сакиев 20 жылға сотталды.
Өзге айыпталушылар 7 жылдан 15 жылға дейін бас бостандығынан айырылды.
Кәмелетке толмаған Ы.Д. 1,5 жылға бас бостандығынан айырылған болатын. Ы.Д. қылмыстық кодекстің 434-бап (ауыр қылмыс жасалғанын хабарламау) 1,5 жылға сотталып, 27 шілдеде бостандыққа шықты.