Онкологиялық аурулар құрылымында бүйрек обыры 8-орында тұр.

Қазақстанда бүйрек обырына қоғам назарын аудару және тұрғындарды ақпараттандыру мақсатында арнайы Бүйрек обыры туралы хабардарлық апталығы өткізіледі. Апта аясында халықты бұл аурудың қауіпті факторлары, алдын алу шаралары және заманауи емдеу әдістері туралы хабардар етуге бағытталған ағартушылық және ақпараттық іс-шаралар ұйымдастырылады.

Бүйрек обыры – Қазақстанда сирек кездесетін, алайда өте қауіпті онкологиялық аурулардың бірі. Халықаралық қатерлі ісікті зерттеу агенттігінің (GLOBOCAN) деректеріне сәйкес, жыл сайын әлем бойынша шамамен 434 840 жаңа жағдай және 155 953 өлім тіркеледі.

Қазақстандағы бүйрек обырына қатысты жағдай

Қазақ онкология және радиология ғылыми-зерттеу институтының (ҚазОРҒЗИ) мәліметінше, 2024 жылы елімізде бүйрек обырына шалдығу көрсеткіші 100 мың адамға шаққанда 7,6-ны құрады. Бұл көрсеткіш 2023 жылмен салыстырғанда 6,2%-ға төмен. Онкологиялық аурулар құрылымында бүйрек обыры 8-орында тұр.

2025 жылдың алғашқы 7 айында елімізде 1 009 жаңа жағдай тіркелсе, есепте тұрған пациенттер саны – 11 478. Олардың ішінде 6 237 адам бес жылдан астам өмір сүріп келеді. Жалпы бес жылдық өмір сүру деңгейі – 54,3 %.

Заманауи диагностика және емдеу әдістері қолжетімді

Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) аясында жыл сайын екі мыңнан астам науқас бүйрек обыры бойынша тексеруден өтіп, ем қабылдайды. Оның ішінде 500-ден астам адамға хирургиялық ем жасалады. Күрделі жағдайлар Қазақ онкология институтында емделеді. Мұнда жоғары технологиялық медициналық көмек, соның ішінде ағза сақтайтын операциялар, роботтық хирургия, дәрі-дәрмекпен емдеу, нысаналы (таргеттік) және иммунотерапия әдістері халықаралық стандарттарға сай жүргізіледі.

Дәрігер кеңесі: ерте анықтау – сәтті емнің кепілі

Қазақ онкология институтының онкоуролог-дәрігері, хирург Хусан Тәліпбайұлының айтуынша, ауруды ерте сатысында анықтау – емделудің сәтті өту мүмкіндігін айтарлықтай арттырады.

"Ерте диагностикалаудың маңызды әдістері – ультрадыбыстық зерттеу, компьютерлік томография және зертханалық талдаулар. Бұл тексерулер еліміздегі барлық онкологиялық орталықтар мен клиникаларда қолжетімді. Диагноз қойылғаннан кейін ем тактикасын нақтылау үшін қосымша иммуногистохимиялық және молекулалық-генетикалық тестілеу жүргізіледі", – дейді дәрігер.

Сондай-ақ, маман темекі шегу, семіздік, артериялық гипертензия, тұқым қуалайтын патологиялар мен созылмалы бүйрек аурулары бүйрек обырының даму қаупін арттыратынын ескертті. Ол салауатты өмір салтын ұстануға, дұрыс тамақтануға, физикалық белсенділікті арттыруға және күдікті белгілер байқалған жағдайда дәрігерге жүгінуге кеңес берді.

Ашық есік күндері

Қазақстан тұрғындарының назарына: 22-31 қыркүйек аралығында еліміздің барлық онкологиялық мекемелері мен емханаларында Ашық есік күндері өтеді. Қабылдаулар барысында кез келген азамат тегін кеңес алып, тексеруден өте алады.