Еліміздің барлық аймағында тұрғындар «Таза Қазақстан» экологиялық акциясына бір кісідей қатысты. Қала, ауыл жұртшылығы, еңбек ұжымдары тонналап қоқыс шығарып, өзгелерге тазалық сақтаудың озық үлгісін көрсетті. Жаңа тұжырымдама шеңберінде былтыр және биылғы алты айда 874 экологиялық іс-шара өтті.

Жыл басынан бері «Таза кәсіп – таза аймақ», «Киелі мекен», «Таза өлке», «Мөл­дір бұлақ» сынды республикалық, халық­аралық масштабтағы акциялар ұйым­дастырылды. Осы іс-шаралар бары­сында 1,4 млн тонна қалдық жиналып, елді мекендерде 2,4 млн-нан астам ағаш отырғызыл­ды. «Таза Қазақстан» бастамасының негізгі міндеті – әрбір азамат­тың, әсіресе жас­тардың таби­ғатқа деген көзқарасын қалып­тас­тырып, қоршаған ортаны аялауға шақыру. Өңір­лерде эко­логиялық акция­ларды белсенді ұйымдастырып жүрген тұлға­лар осы жайды әрдайым басты назарда ұстайды.

Бұл жөнінде жуырда Экология және табиғи ресурс­тар вице-министрі Мансұр Ошурбаевтың өзінен естіп білдік.

«Біз қоршаған ортаны қорғау, оған ұқыпты қарауды жай ғана міндет емес, күнделікті өмір салтымыздың ажырамас бөлігіне айналдыруға ұмты­ламыз. Мысалы, 2 сәуір – 6 ма­мыр аралығында министр­лік Астана қаласының әкім­ді­гі­мен бірлесіп, жоғары сынып оқушылары арасында «Қазақстан экологиясын жақсартуға қанд­ай үлес қоса­мын?» атты шығарма жазу бай­қауын өткізді. Шығармалардан бала­лар­­дың табиғатты қорғауға деген зор ынта-ықыласын, қызығушылығын байқадық. Онда оқушылар таби­ғат­тың ластануы мен кли­­маттық өзге­рістердің өзекті мәселе­ле­рін көтерген. Сенбіліктерден бастап қал­дық­тарды бөлек жинауға дейінгі нақ­ты шешім­дерді ұсынған. Осылайша, оқушы­лар эко­ло­гиялық ахуал­дан хабардар болып қана қоймай, мәселенің шешімін табуға дайын екендерін де аңғартты», деді М.Ошурбаев.

Экология және табиғи ресурстар ми­нистрлігінің қызметкерлері ағартушы­лық жұмыстардан бөлек, азаматтардың эколо­гиялық құқық бұзушылықтарға нөл­дік тө­зім­ділігін қалыптасты­ру маңызды еке­нін айтады. Сондықтан цифрландыру құралдарын белсен­ді қолдану­ға шақырады. Былтыр іске қосылған @TazaQazBot Telegram чат-боты тұрғындардың эко­ло­­гия мен абаттандыру мәсе­ле­лерін жедел шешуге қан­ша­­­лықты оңай қатыса алаты­нын ай­қын көрсетті. Чат-бот іске қосыл­ған сәттен 22 мың­нан астам өті­ніш түссе, оның 21 мыңнан астамы жедел шешілген. Тағы 242 өтінім орындалып жатыр. Өтініштердің басым бөлігінде пайдаланушылар қоқыс шығару, аумақтарды жинау, көшелерді абаттандыру, тротуарларды күтіп ұстау қажеттілігі туралы хабарлайды. Өтініштердің көп болуы тұрғындардың таза, жайлы аумақ құруға бейжай қарамайтынын аңғарта­ды. Демек «Таза Қазақстан» бас­та­масы ел азаматтарының қор­ша­ған ортаның жай-күйіне алаң­дай­тынын, жауапкершілік алуға дайын екенін байқатып отыр.

Күл-қоқыстарды шығаруға ел-жұрт жап­пай жұмылып жатқанда сол тұрмыс­тық қатты қалдықтар қайда кетеді деген сауал туады. Елімізде жыл сайын­ 4,5 млн тоннадан астам коммуналдық қалдық жиналады екен. Алайда оның 25,8%-ы ғана қайта өңдеуге жіберіледі. Ахуалды жақсарту мақсатында заманауи инфрақұрылымдар қарастырылып жатыр. Мыса­лы, қалаларда тапсырылған қай­­талама шикізатқа бонус­тар төлейтін экобокстар мен фандоматтар орнатылады. Жуырда жеке компания Астана, Алматы, Ақтөбе, Өскемен қалаларында плас­тик пен алюминий жинауға арналған 100-ден астам фандомат орналастырған. Тамыз айының со­ңына дейін қанатқақты жоба аясында Астана мен Жезқазғанның 129 мектебінде қоқысты бөлек жинауға ар­налған бір мың­нан астам эко­бокс қойыла­ды. Қал­дық­тарды сұрыптау, қайта өңдеуге арналған 63 инфрақұрылымдық жо­ба мақұлданған. Жобалар сәтті іске асса, өңдеу қуатын 1,1 млн тоннаға дейін арттыруға мүмкіндік бе­реді. Оның ішінде 14 жоба 52,4 млрд теңгеге қаржыландырылған. Құны 106,9 млрд тең­геге тең тағы 23 жоба сараптаманың соңғы сатысында тұр.

«Қатты тұрмыстық қал­дықтар полигондары қал­дықтарды басқару жүйесінің маңызды элементі болып қала береді. 2024 жылдың қоры­тын­дысында елімізде 2 973 поли­гон болған, алайда олардың 20%-ында ғана қажет­ті рұқсат құжаттары бар. Жағдайды түзету үшін Үкімет 2023 жылы 100 жаңа полигон салу, жұмыс істеп тұрған 8 полигонды кеңейту, 5 полигонды рекультивациялау жөніндегі кешенді жос­парды бекітті. Бүгінде әкімдіктер 7 жаңа нысан салып, пайдалануға берді. 23 полигон бойынша жобалық құжаттар дайындалды. 18 жоба әзірленіп жатыр. Сондай-ақ министрлік 11 өңірде кәдеге жарату алымы есебінен 43 полигон құрылысын қаржыландыру мәселесін пысықтауға кірісті», дейді М.Ошурбаев.

«Таза Қазақстан» жоба­сы бастал­ғалы іске асып жат­қан жұмыстар мұны­мен шектелмейді. Қазір елде орманды көбейту, көгалдандыру жұмыс­тары жанданды. Соның бірін айтар болсақ, Арал те­ңі­зінің құрғаған табанына сек­сеуілдің 48,7 млн дана көшеті отырғызылған. Арал маңын­да үйлесіп жатқан басқа да жұ­мыс жетерлік. Мұндай ауқым­ды іс-шаралар экология­лық мәдениетті қалыптастыруға шақыратын экологиялық акцияның мән-мазмұнын айшықтай түседі.