Мәжіліс Асхат Аймағамбетов Цифрлық кодексті талқылау барысында еліміздің мектептерінде смартфон қолдану тәртібіне қатысты министрліктердің ұстанымын сұрап білді, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.
Асхат Аймағамбетов екі сұрақ қойды. Біріншісі балалардың әлеуметтік желіні пайдалануына қатысты болды.
Айтуынша, Қазақстанда бала TikTok немесе Instagram-ға мысалы 5–6 жастан бастап еш кедергісіз тіркеле алады. Оған тіпті ата-анасының келісімі де, ешқандай верификация да қажет емес. Сосын ол кез келген контентке толық қол жеткізе алады.
"Ал көптеген елдерде бұл мәселе заңмен реттелген. Мысалы Дания мен Австралияда тіркелуге рұқсат жасы — 15–16 жас. АҚШ, Ұлыбритания және Ирландияда да шектеулер енгізілген: жас бойынша жыне әлеуметтік желіге тіркелу тек ата-анасының расталған келісімімен ғана жүзеге асады.
Цифрлық даму министрлігі мен Оқу-ағарту министрлігі осы мәселе бойынша позициясы бар ма?" — деп сұрады депутат.
Мәжіліс депутатының келесі сұрағы мектептерде смартфон қолдануға қатысты болды.
"Англия, Нидерланд және әлемнің 40 пайыздан астам елдері мектептерде смартфон қолдануға ресми түрде тыйым салған.
Қазақстанда да бірқатар алдыңғы қатарлы мектептер — NIS, БИЛ, "Дарын" сабақ кезінде смартфон қолдануға шектеу қойды. Нәтижесі өте жақсы. Оң әсері байқалды: балалар белсендірек, бір-бірімен жиі тілдеседі, сабақ кезінде алаңдаушылық азайды.
Алайда елдегі көптеген мектептерде жағдай өзгеше: мұғалімдер жанжалдан қорқады, ал оқушылар сабақ пен үзіліс кезінде TikTok-та сағаттап отырады.
Цифрлық даму және Оқу-ағарту министрліктері бұл мәселені жүйелі түрде шешу үшін қандай ұсыныстары бар?", — делінген депутаттың сауалында.
Жасанды интеллект және цифрлық даму министрінің орынбасары Дмитрий Мун министрліктің мақсаты гаджеттерге тыйым салу емес, оларды дұрыс пайдалануды насихаттау екенін мәлімдеді.
"Кейбір контент шектеледі, бірақ ол дамуға бөгет болмайды және бұл қазіргі жаһандық үрдістерге сәйкес өзекті болып қала береді. Сондықтан біз осы бағытта жұмыс істейміз", — деді ол.
Министрліктің мектептерде смартфондарға тыйым салуға қатысты ұстанымы да осыған ұқсас.
"Мектептерде телефондарға тыйым салуға қатысты айтар болсақ – Цифрлық кодексте қазіргі уақытта бұл мәселені қарастырып жатқан жоқпыз. Бірақ жалпы алғанда, министрліктің ұстанымы мынадай – біз керісінше, жаңа, жас ұрпақты техниканы қолдануда, жасанды интеллектіні және интернетті пайдалануда артта қалып қалмас үшін дұрыс оқытуымыз керек", — деді Дмитрий Мун.
Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз