Бүгінде қазақ жастары әлемнің әр қиырына сапар шегіп, өз білімдері арқылы зор мүмкіндікке қол жеткізіп жатқаны көңілге қуаныш сыйлайды. Солардың бірі – Америкада мұғалім болып жұмыс істейтін Салтанат Сырлыбаева. Біз бүгін оқырманға талапты жас педагогтен алған шағын сұхбатымызды ұсынып отырмыз.

– Салтанат, алдымен өзіңіз тура­лы айтсаңыз. Қай өңірде дүниеге келдіңіз, қайда білім алды­ңыз?

– Мен Жаңаөзен қаласының тумасымын. Бала күнімнен Ақтау қала­сында өстім. Сондағы № 8 орта мектебін аяқтап, Ш.Есенов ­атын­дағы Каспий технологиялар және инжиниринг университеті­нің шет тілі мамандығына түстім. Одан кейін Астанадағы Л.Н.Гуми­лев атындағы Еуразия ұлттық универ­си­тетінде осы мамандық бойынша педагогика ғылымдарының магистрі дәрежесін алдым. Қазір АҚШ-та мұғаліммін.

– Алаштың ардақтысы Мағжан Жұмабаев «Алты алаштың баласы бас қосса, төр – мұғалімдікі» деп айтқаны бар. Сіздің сонау ­алып Америкада мұғалім бо­лып жүргеніңізді естіп, қуан­дық. Педагог болуға деген қызығу­шылығыңыз қашан пайда болды?

– Бала күнімнен ағылшын тілін жақсы көрдім. Содан ба, осы тілді жетік білу үшін педагог болу керек деп ойладым. Сол себепті жо­ғары оқу орнына түсерде шет тілі мамандығын таңдадым. Сонымен қатар саяхатты жақсы көремін. Әлемнің қай түкпіріне барсаңыз да ағылшын тілін білген адам ешқашан қиналмайтынын түсіндім. Бұған қоса, ағылшын тілін білу – ең үлкен мүмкіндік. Бүгінде ғылым-білімге қатысты барлық ақпарат, алуан түрлі зерттеулер ағылшын тілінде жазылады. Бір жағынан, менің аталған тілді меңгеруге осы да себеп болды.

– Елімізде мұғалім болдыңыз ба, әлде педагогикалық еңбек жолы­ңыз бірден Америкадан басталды ма?

– Бұған дейін Астанадағы халық­аралық «Spectrum» мекте­бінде Аустралиядан келген шетел­дік мұға­лім­нің көмекшісі болдым.

– Америкаға қалай бардыңыз? Онда мұғалім болуға қандай талап қойылады?

–Америкаға ең алғаш рет 2016 жылы «Work and Travel» бағдар­ла­масы арқылы келдім. Сол кезден бас­тап 8 жыл бойы грин картаға өтініш беріп жүрдік. 2023 жылы күйеуім грин карта лотереясын ұтып, былтыр қыркүйек айында отбасымызбен көшіп келдік. Мұнда мен жұмысқа келмей қалған мұғалімнің орнына сабақ беремін. Бұл қазір маған өте ыңғайлы қызмет түрі. Се­бебі қай күні жұмысқа шығаты­ным­ды өзім таңдаймын. Біздің өз кәсібіміз бар болғандықтан, осылай істеуге бел будым. Көп жағдайда осы екі сала бойынша үйден жұмыс істеймін, сонымен қатар мектепке де қалаған уақытымда барып са­бақ беремін. Талаптар бойынша нақты айта алмаймын, бірақ жоғары оқу орнын бітірген дипломымды, «+ Spectrum» мектебінен алған мі­нездеме секілді құжаттарымды тап­­сыр­дым. Ағылшын тілін жетік біле­мін. Соған да мән берген болуы керек.

– Қай қалада, қандай мектепте сабақ бересіз? Қай пәннен дәріс оқисыз?

– Нью-Йорк штатына қарасты «Lake Placid» мемлекеттік орта мек­тебінде жұмыс істеймін. Негізінде мен сол күні қай мұға­лім­ге көмек керек немесе орнына сабақ беру керек болса, сол кісілердің күндік жоспары бо­йынша дәріс оқимын. Нақты пән белгіленбеген.

– Америкалық оқушылардың қазақ балаларынан айырма­шы­лы­ғы бар ма?

– Әрине, бар. Мұндағы балалар ойын оңай түрде тіпті ересек адамдар секілді жеткізеді. Өздерінің және басқа адамдардың шекарасын біледі, ұнамаса, ұнамайтынын айтады, қызықтырған сұрақтарын қысылмай қояды. Алғашқы кезде біздің халқымыз бен еліміз туралы оқушылар менен көп сұрайтын. Содан қызымыз екеуміз үш-төрт рет Қазақстан туралы, тарихи және қазіргі әйгілі тұлғалар тура­лы таныс­­тырылым жасадық. Әр жыл сайын біз­дің мектепте шет мемлекеттен кел­ген оқушылардың өз елін таныс­тыру іс-шарасы өтеді. Соған біз де қатысып, ұлттық тағамдар дайындап, еліміз бен салт-дәстүріміз тура­лы айтып бердік.

– Америкалық білім жүйесінің ұнаған және қиын тұсы қандай?

– Ең ұнағаны – еркіндік және баланы оқытуға қажет дүниенің, мүмкіндіктің барлығы жасалған. Со­ны­мен қатар бас­тауыш мектептер­де балаларды көбі­несе мейірімділік­­ке, бөгде адам­ды сыйлауға, әртүр­лі жағ­дайға төтеп беруге, білімге құштарлықты оятуға ынталандырады. Қиын тұстарымен әзірге кездескен жоқпын. Жеке өзіме қиын ештеңе байқалмады.

– Мектептегі бір күніңіз қалай өтеді?

– Таңертең 8-де жұмысыма келемін. 15–30 минут көлемінде күндік жоспармен танысамын. Мұндағы мектептерде жоспар әр минутына дейін анық жазылады, сол бойынша дәріс оқимын. Үзілісте тамақтанып, басқа да шаруа­ла­рым­ды бітіруге тырысамын. Дәріс біткеннен кейін сол күннің есебін жазамын. Қандай тапсырмалар орындалды және сол күні қандай өзгеріс болды, тұрақты мұғалім қандай ақ­параттан міндетті түрде хабардар болу керек дегендердің бәрін толық жазып, үстелдің үстіне қалдырып кетемін.

– Оқушыларыңыздың арасында қазақ тілі мен дәстүріне қызы­ғушылық танытқандар болды ма?

– Иә, мектеп мұғалімдері мен оқу­шыларым қарапайым сөздер туралы сұрап, қазақшаға деген ынтасын білдіреді. «Сәлем», «қалайсың», «қайырлы таң», «сау болыңыз», «рахмет», «қош келдіңіз» деген секіл­ді сөздерді үйреніп те алды. Қазір кейбір мұғалімдер менімен «Қайырлы таң!» деп сәлемдеседі.

– Қазақ қызы ретінде шетелде ұстаздық ету сізге қандай жауап­кершілік жүктейді?

– Біз арқылы ұлтты танып біле­ді, ол – үлкен жа­уап­­­кер­шілік. Әр басқан қадамың, ойың және басқа қасиеттерді таниды.

– Болашақта елімізге ора­лып, осындағы білім беру саласына үлес қосқыңыз келе ме?

– Иә, ойым бар. Болашақта тиімді түрде ағылшын тілін үй­рену, сон­дай-ақ оқуға, тә­жірибе жинауға арналған бағдар­ла­ма жасаймыз деген жоспарымыз бар.

– Еліміздегі жас мұғалімдерге немесе шетелде оқып, қызмет еткісі келетін жастарға қандай кеңес бересіз?

– Бастысы, талпыныс және іс-әрекет қажет. Ниет таза болу керек, мүмкіндігінше білімге, жаңа ортаға, жаңа ұсыныстарға ашық болған жөн. Нақты мақсат қойып, соған жеткізетін іс-әрекет жасау қажет деп ойлаймын.

Әңгімелескен –

Дүйсенәлі ӘЛІМАҚЫН,

«Egemen Qazaqstan»