Кассациялық сот «Жезқазған-Эйр» акционерлік қоғамына қатысты антимонополиялық тергеу қорытындысы мен заң бұзушылық белгілері туралы хабарламалардың заңды екенін мәлімдеп, төменгі инстанцияларда өткен дауға соңғы нүкте қойды, деп жазады Egemen.kz.

Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің Ұлытау облысы бойынша департаменті 2024 жылы «Жезқазған-Эйр» АҚ-ға қатысты антимонополиялық тергеу жүргізген еді. Тергеу барысында компанияның әрекеттерінен бәсекелестік туралы заңнаманы бұзу белгілері анықталған.

Компания бұл қорытындымен келіспей, Ұлытау облысының ауданаралық мамандандырылған әкімшілік сотына жүгінген. 2024 жылғы 25 қарашада бірінші сатыдағы сот әкімшілік талапты қанағаттандырып, тергеу материалдарының күшін жойған болатын.

Алайда Департамент апелляцияға шағым түсіріп, 2025 жылғы 20 наурызда Ұлытау облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі алқасы бірінші сатыдағы шешімді жойып, жаңа шешім шығарды. Соның нәтижесінде «Жезқазған-Эйр» АҚ-ның талабы толығымен қанағаттандырусыз қалдырылды.

Компания бұл шешімге қарсы кассациялық шағым жолдағанымен, 2025 жылғы 23 қазанда кассациялық инстанция оны қанағаттандырмады. Осылайша, 2025 жылғы 20 наурызда қабылданған облыстық сот шешімі заңды күшінде қалды.

Департамент тергеуіне сәйкес, «Жезқазған-Эйр» АҚ 2022 жылдың қарашасы мен 2023 жылдың мамыры аралығында авиаотын сату кезінде монополиялық кіріс алған. Жалпы табыс – 276 768 379 теңге, оның ішінде монополиялық табыс 22 919 186 теңгені құраған. Ал айналымның 3%-ы – 8 303 051 теңге.

Алынған табыс 20 000 айлық есептік көрсеткіштен асып кеткендіктен және лауазымды тұлғалардың әрекеттерінде қылмыстық сипаттағы белгілер болуы ықтимал болғандықтан, материалдар бұған дейін Қаржы мониторингі агенттігінің Ұлытау облысы бойынша экономикалық тергеу департаментіне жолданған-ды. Бірақ сот процестері жүріп жатқан кезеңде материалдарды қарау уақытша тоқтатылған.

Енді кассациялық сот қаулысы заңды күшіне енгендіктен, барлық шешімдер экономикалық тергеу департаментіне қайта жолданып, тиісті шаралар қабылданатын болады.