Үкімет барлық отандық өндірушіге – дара кәсіпкерден бастап, ірі өнеркәсіп орындарына дейін "жаңажылдық сый" әзірлеп жатыр.

Бірақ "сыйлық" оларға қазірден ұнамай тұр.

Бұл жерде әңгіме отандық тауар өндірушілерге берілетін СТ-KZ сертификаты мен индустриалдық сертификат орнына келетін "Қазақстандық тауар өндірушілер Реестрі" (қысқаша – ҚТӨ Реестрі) туралы болып отыр. Ол жаңа жылда, 2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап күшіне енеді.

Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің мәліметінше, Парламент депутаттары "Өнеркәсіптік саясат туралы" қолданыстағы заңға түзетулер енгізді.

"Сол өзгерістерге сәйкес, келесі жылдан бастап тек Қазақстандық тауар өндірушілер реестріне енген кәсіпорындар ғана мемлекеттің және квазимемлекеттік сектордың реттелетін сатып алуларына басымдықты түрде қатыса алады. Тек соларға ғана қолданыстағы мемлекеттік қолдау қолдау шаралары ұсынылады. Яғни, енді мемлекеттік қолдау шаралары мен тендерлерге тек Қазақстан Республикасының аумағында іс жүзінде нақты өнім өндіретін және осы мәртебесін цифрлық форматта растаған компаниялар ғана қол жеткізе алады", – деп қайталай нықтады өнеркәсіп саласына жауапты мемлекеттік "QazIndustry" компаниясы дирекциясының басшысы Жансая Жақыпова.

Алайда ШҚО кәсіпкерлер палатасының мәлімдеуінше, бұл жаңа тетік бизнестің алаңдаушылығын туғызып отыр. Өйткені, олардың пікірінше, жаңа тізілімнің жоғары дәрежедегі реттеушілік жүктемесі бар және ол бизнес ортаға қосымша тәуекелдер әкеледі.

Біріншіден, 1 қаңтардан бастап, реестрге бұдан бұрын әзірленген дайын өнімдерді енгізу мүмкін болмай қалады. Себебі, оларды дайындау кезінде түсірілген видеоматериалдар жоқ. Салдарынан, оны өндірген кәсіпорын қанша жерден отандық өндіруші болса да, реестрге кіре алмай қалуы ғажап емес.

Екіншіден, кәсіпкерлердің пікірінше, Өнеркәсіп министрлігі "ҚТӨ Реестрін" ендіруге өзі де толыққанды дайын емес. Мысалы, бизнес қауымдастық "жаңа өндірістің" өлшемшарт-критерийлері мен өндірістік қуаттылықты бағалау әдістемесінің әлі күнге айқындалмағанына назар аудартты.

Үшіншіден, "ішкі елдік құндылықтың" (ІЕҚ, бұған дейін "қазақстандық үлес" немесе "жергілікті мазмұн" аталып келген) үлесі мен локализациялау деңгейін анықтаудың да нақты тетігі жоқ болып шықты. Талап қойылады, бірақ ол талапқа сәйкес келу үшін не істеу керектігі белгісіз.

Төртіншіден, кәсіпорындарды өндірістік қызметтің "төмен", "орта" және "жоғары" көрсеткіштері бойынша іріктеу көзделген, алайда оның жіктеу-классификациясында да нақтылық жоқ, бұлыңғыр көрінеді.

Сондықтан кәсіпкерлер "ҚТӨ Реестрін" енгізу процесі толығымен пысықталғанша, сыбайлас жемқорлық қаупін ушықтырмау үшін мұны мемлекеттік және квазимемлекеттік сатып алуларда қолдануды уақытша кейінге қалдыруды сұрайды.

Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі "Қазақстандық тауар өндірушілер Реестрі" – тауарлардың отандық шығу тегін растауға арналған толығымен "цифрлық сервис" екенін қаперге салды. Ол республика аумағында қағаз жүзінде емес, іс жүзінде өнім өндіретін өндірушілер туралы сенімді деректерді біріктіретін негізгі құралға айналады.

Яғни, бұл үлкен штаты бар жеке ұйым не мекеме болмайды. Тиісінше, оның әрбір отандық өнім өндірушінің зауыт-кәсіпорнын аралап, нақты қандай өнімдерді өзі шығаратынын, қандай өнімдерді Қытайдан, Ресейден және басқасынан тапсырыспен жасатып, дайын күйде алғызатынын тексеретін мамандар тобы, жеткілікті адами ресурсы болмайды.

Ендеше ол әрбір отандық өндірушінің локализациялау дәрежесін қалай тексереді? Жаңа тізілімге өнімін кіргізуге өтініш берушілердің бәрінің Қазақстан өңірлері бойынша, кейде шалғай жерлерде шашыла, бытырай орналасқан өндіріс орындарын қалай аралайды?

Бұл проблеманы шенеуніктер "заманауи технологиялар" көмегімен шешуге ниетті. Бірақ мысалы, Еуропа мен Балтық жағалауы елдеріндегідей, кәсіпорынға дрон-инспектор ұшып келмейді: "ҚТӨ Реестрін" енгізіп жатқан Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінде де, бизнеске жауапты Ұлттық экономика және Сауда министрліктерінде де ұшқышсыз ұшатын аппараттар жоқтың қасы.

Оның орнына шенділер бұл проблеманы кәсіпкерлердің өз иығына арта салды: реестрге қосылғың келе ме, өніміңді шетелде емес, Қазақстан аумағындағы зауытта, өндірістік алаңда тұрақты өндіріп жатқаныңды өзің дәлелде!

Осы мақсатта отандық кәсіпорындардан барлық цехы мен алаңдарына видеокамералар орнатып, оның түсірген видеоларын "ҚТӨ Реестрінде" тіркеп тұру талап етіледі. Ол үшін компаниялар тиісті мамандарды, операторларды жалдауға, сервистік қызметтің ақысын төлеуге, видеоматериалдарды сақтауға мәжбүрленуі мүмкін.

Әйтсе де, жасанды интеллект пен дипфейктің дамуы шырқау шегіне өрлеген заманда тиісті видеоны қолдан жасау кең таралмай ма? Оның шындығын кім, қай орган тексереді?

"Бизнес ортада қызу пікірталас туғызып отырғаны – локализация деңгейін растау үшін өндірістік процестерді видеофиксациялау талабы болды. Кәсіпорындар басшылары өндіріс циклінің әрбір телімінде бейнекамера орнатып, оны үнемі жұмысқа қабілетті жағдайда ұстап тұру қиын екеніне назар аудартты. Бұл қосымша әрі тұрақты қаржылық шығындарға соқтырады және сайып келгенде отандық өнімнің өзіндік құнының тағы қымбаттауына түрткі болады. Көптеген кәсіпорын үшін бұл техникалық және экономикалық тұрғыдан орындалмас талапқа айналады", – дейді ШҚО кәсіпкерлер палатасының баспасөз хатшысы Надежда Иванченко.

Сол себепті, қазақстандық кәсіпкерлердің ескертуінше, егер Үкімет барлық түйткілін, кем-кетігін жоймай, кемеліне келтірмей, жаңа тізілімді енгізе салса, онда 2026 жылдың І-тоқсанында ұйымдастырылатын бүкіл мемлекеттік сатып алуға отандық компаниялардың қатыса алмай қалуы қаупі туындайды.

Өйткені жаңа талаптар тек отандық өндірушілерді шектейді. Олар өзіне қойылатын талаптарға сәйкес келу үшін нақты қандай шараларды қабылдап, нақты не жасау керектігі толыққанды біле бермейді.

Жай ғана камераны бар жерде қаптатып орнатумен іс бітпейді: тізілім аясында өндіріс жағдайларына, технологиялық операцияларға, өндірілетін әрбір өнімге жаңаша талап бекітілуде.

Мұндай жағдайда тендерлерді шетелдік дайын өнімді тасушылар, немесе ресейлік компаниялар қанжығалап кетуі әбден мүмкін. Еуразиялық одақ шарттарына және Қазақстан Парламенті қабылдаған жаңа заңдарға сәйкес, енді ЕАЭО-ға мүше елдерінің компаниялары да қазақстандық мемлекеттік сатып алуларға отандық кәсіпорындармен тең дәрежеде қатыса алады.

"Егер тізілімнің қазіргі белгілі талаптарын сөзбе-сөз орындайтын болсақ, онда кәсіпорында ондаған өндірістік учаскені айқындылығы жоғары әрі қымбат бейнекамералармен жан-жақты жабдықтап шығуға, олардың секунд сайын түсіретін ұланғайыр видеоматериалдарын сақтауға және уәкілетті органға беріп тұруға тура келеді. Тізілімнің басқа да талабы толып жатыр. Мұның бәрі жай ғана отандық өндірушіні растау емес, бизнестің мүмкіндік-шамасынан асып түсетін аса қымбат, бөлек жобаға айналып кетеді", – деді ШҚО кәсіпкерлік палатасының Машина жасау кеңесі отырысына қатысушылар.

Өз кезегінде Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі бизнес өкілдері үшін бірнеше байланыс арналары ашылғанын алға тартты. "ҚТӨ Реестріне" қатысты сұрақтарға министрліктің 1465 тегін нөмірі арқылы жұмыс істейтін call-орталығы, e-Otinish порталы арқылы және Бұл электронды пошта мекен-жайы спам-боттардан қорғалған. Көру үшін сіздің браузеріңізде JavaScript қосулы тұруы тиіс. злектрондық поштасы арқылы жауап беріледі.

Өнеркәсіп министрлігінің ресми сайтында қазақстандық тауар өндірушілер тізіліміне арналған жеке бөлім ашылып, онда жиі қойылатын сұрақтарға жауап, түсіндірме материалдар орналастырылды.

Министрлік сондай-ақ бүгін, 13 қараша күні сағат 10:00-де "Өтінім беруге дайындықтың кезеңдері, реестрді жүргізу ережелері)" тақырыбында кәсіпкерлерге арнап вебинар өткізеді. Ведомство өзі бекіткен Оқыту бағдарламасына сәйкес мұндай оқыту вебинарлары жыл соңына дейін жалғасатынын мәлім етті.

Өнеркәсіп министрлігі ескертеді: жаңа жылдан бастап, Қазақстандық тауар өндірушілер реестрінен алынған үзінді (көшірме) – өнімнің шығу тегін және отандық өндіруші мәртебесін растайтын жаңа және жалғыз құжатқа айналады.

Ал, қазіргі СТ-KZ формасындағы шығу тегін растайтын сертификаттар мен индустриялық сертификаттар тек өтпелі кезеңде, 2026 жылғы 1 қаңтарға дейін ғана күшінде болады.

Өтпелі кезеңі аяқталғаннан кейін, 1 қаңтардан соң "отандық өнімді" растайтын бірден-бір құжат – "ҚТӨ Реестрінен" алынған үзінді ғана болады.