Шымкент қаласында әлеуметтік осал санаттағы азаматтарды қолдау мақсатында 99 тұрғынға 400 АЕК-ке дейінгі (1 572 800 теңге) қайтарымсыз грант берілді. Мемлекеттік қолдаудың ІІІ легінде жалпы 398 өтінім қабылданған, деп хабарлайды Egemen.kz қаланың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Комиссияның оң шешімін алғандардың қатарында 52 жеке кәсіпкер, 47 жұмыссыз азамат бар. Қалада жыл басынан бері жалпы саны 432 адам қайтарымсыз грант алған. Жеңімпаздардың басым бөлігі әлеуметтік осал топтардан: көп балалы 55 отбасы, мүгедектігі бар 21 азамат, 17 ерекше баланы тәрбиелеп отырған ата-ана, асыраушысынан айрылған 5 адам және 1 атаулы әлеуметтік көмек алушы.

Жаңа жобалар осы мемлекеттік қолдаудың көмегімен қала экономикасын дамытуға және жұмыс орындарын құруға өз үлесін қосады деп күтілуде.

Айта кетейік, грантқа өтініштер еnbek.business.kz порталы арқылы қабылданады. Үміткерлер өз бизнес-жобаларын онлайн тіркеп, кейін комиссия алдында қорғайды.

Гранттардың басты мақсаты – азаматтарды кәсіпкерлікке ынталандыру, жаңа жұмыс орындарын ашу және экономиканы дамыту. Мемлекеттен берілген қаржы қайтарымсыз болғанымен, оның мақсатты жұмсалуы қатаң бақыланады. Еңбек мобильділігі орталығында арнайы мониторинг тобы жұмыс істеп, жобалардың іске асуын қадағалайды. Егер қаржы мақсатсыз жұмсалса, ол мемлекетке қайтарылады.