Астанада жылдың басты спорттық сайыстарының бірі паралимпиадалық боччадан Қазақстан кубогі үшін жарыс өтіп жатыр. Осыған орай елордадағы «Аспан» спорт кешенінде 8 корт жасақталып, алғаш рет алаң саны бо­йынша рекордтық көрсеткіш тіркелді. Еліміздің 15 өңірінен келген параспортшыларға Сенат төрағасы, Қазақстан бочча федерациясының президенті Мәулен Әшімбаев қолдау білдірді.

Мәулен Әшімбаев жарысқа қатысушыларға ілтипат білдіріп, жыл өткен сайын елімізде бочча қарқынды дамып келе жатқанын атап өтті. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың параспортшыларды қолдау, инклюзивті, кедергісіз орта қалыптастыру бағытындағы тапсырмаларын орындау аясында мүдделі тараптармен бірлесіп кешенді жұмыс жүргізіліп жатыр. Ел кубогі – сол ауқымды жұмыстың бір бөлігі. Сондай-ақ федерация өкілдері мен жат­тықтырушылар аталған сайыс Қазақстанда боччаны дамытуға, дәріптеуге, спорттық шеберлік деңгейін арттыруға және ұлт­тық құраманы жасақтауға бағыт­талғанын айтты.

«Президент Қасым-Жомарт Тоқаев елімізде инклюзия мәде­ниетін одан әрі дамыту және мүмкіндігі шектеулі азамат­тардың спорт арқылы да қоғам өміріне толыққанды қатысуы үшін қажетті жағдай жасау маңызды міндет екенін үнемі айтып келеді. Бұл ретте бочча айрықша мәнге ие. Себебі бұл – тәртіп қалыптастырып, стратегиялық ойлауды дамы­татын және мүмкіндігі шек­теулі азаматтардың ортаға бейім­делуіне ықпал ететін спорт түрі. Сіздер боччадан Қазақстан кубогі жолындағы жарысқа қатысу арқылы қоғамда ма­ңыз­ды құндылықтарды насихаттайсыздар. Сондай-ақ сіз­дердің табандылықтарыңыз бен еңбекқорлықтарыңыз за­мандастарыңызды ынталандыратыны анық», деді Бочча федерациясының президенті.

Айта кетейік, жарыс 9-14 қараша күндері өтеді. Онда 11-14 жас аралығындағы жас­өспірімдер мен 15 жастан асқан ересектер жеке, жұптық және командалық сайыстар бойынша бақ сынайды. Жарыс жолында еліміздің 15 өңірінен: Астана, Алматы, Шымкент қалалары мен Батыс Қазақстан, Атырау, Маңғыстау, Ақтөбе, Солтүстік Қазақстан, Қарағанды, Жамбыл, Түркістан, Павлодар, Шығыс Қазақстан, Абай және Жетісу облыстарынан келген 120 параспортшы өзара мықтыны анық­тайды.

Ел кубогі жолындағы бай­рақты бәсекені Мүмкіндігі шек­теулі спортшыларды спорт­тық даярлау орталығының, Аста­на қаласының дене шынық­тыру және спорт басқармасының ұйытқы болуымен, сондай-ақ серіктестер мен демеушілердің қолдауымен Қазақстан бочча федерациясы ұйымдастырғанын атап өткен жөн.