Шығыс Қазақстан облысы Марқакөл ауданында қайықтан құлап кеткен адамның денесі оқиға орнынан 13 шақырым жерден табылды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

"112" арнасына хабарласқан адам Марқакөл маңындағы Қалжыр өзенінде адамның жоғалып кеткенін айтты.

Белгілі болғандай, резеңке қайықпен өзенде жүзіп келе жатқанда қайық аударылып, 1956 жылғы ер адам суға құлап кеткен. Соған байланысты жедел іздестіру штабы құрылып, іздеу аумағы төрт учаскеге бөлінді.

Жұмыстар құрлықта, суда және дрондардың көмегімен жүргізілді. Алайда Қалжыр өзенінің қатты ағысы, жартасты, қолжетімсіз таулы аймақ іздестіру жұмыстарын қиындатты.

"Ер адамның мәйіті Марқакөл маңындағы Қалжыр өзенінен оқиға орнынан 13 шақырым жерден табылды. Іздеу жұмыстарына құтқарушылар, полицейлер және орман шаруашылығы қызметкерлері жұмылдырылды. Ол резеңке қайықпен жүзіп келе жатып, өзеннің қатты ағысына төтеп бере алмай, суға кеткен", – деп хабарлады ШҚО ТЖД баспасөз қызметінен.