Ауыл шаруашылығы министрлігі әлеуметтік желілер мен бұқаралық ақпарат құралдарында ақбөкен етін тұтыну кезінде жұқтыру қаупі туралы жарияланымдарға байланысты пікір білдірді. Министрлік бұл ақпараттарды теріске шығарды, деп хабарлайды ведомствоның ресми сайтына сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ.

Министрліктің хабарламасына сай, ақбөкендердің санын реттеу жұмыстарын "Охотзоопром" РМК қызметкерлері жүзеге асырады. Ақбөкеннің сойылған ұшалары рефрижераторларға салынып, сою пункттеріне жеткізіледі.

"Жануарлардың аса қауіпті ауруларын (ұсақ күйіс қайыратын жануарлардың обасы, аусыл, бруцеллез, пастереллез, сібір жарасы және тағы басқа) болдырмау мақсатында ақбөкендердің бүкіл популяциясына Ұлттық ветеринария референттік орталығы тұрақты түрде эпизоотиялық мониторинг жүргізеді. Сонымен қатар ақбөкендермен ортақ жайылымдар мен суаттарда ауыл шаруашылығы жануарларына да ветеринариялық қызмет тұрақты түрде мониторингтік зерттеулер жүргізіп отырады. Айта кету керек, ақбөкендерді сою және биологиялық қалдықтарды залалсыздандыру бойынша тиісті нормативтер қабылданған. 2023 жылғы 27 қарашада ҚР СТ "Сайғақ еті бұқтырылған.

Техникалық шарттар" және ҚР СТ "Сайғақ еті – тұтас және жартылай ұшалар. Жалпы техникалық шарттар" ұлттық стандарттары бекітілген. Қазіргі уақытта ақбөкендердің санын реттеу жұмыстарына 6 облыстағы 24 сою пункті жұмылдырылған. Барлық сою объектілері ветеринариялық-санитариялық талаптарға сай (мал союға арналған арнайы бөлмелер, тоңазытқыш камералар, ұшаларды ілуге арналған құралдар, сумен жабдықтау және т.б.). Ұшалар сою орындарына жеткізілген соң, олар ветеринариялық дәрігерлердің бақылауынан өтіп, ветеринариялық-санитариялық сараптамадан өткізіледі", — делінген хабарламада.

Сонымен бірге ведомство ақбөкен етіне міндетті зерттеулер жүргізілетінін де атап өтті. Ұшаның ветеринариялық талаптарға сәйкестігі анықталған жағдайда, ет әрі қарай бөлшектеліп, өңделеді, ал қалдықтар залалсыздандырылады. Ақбөкеннен алынған өнім ветеринариялық дәрігерлер берген анықтамамен сүйемелденеді. Бұл құжат өнімнің шыққан жерін, қауіпсіздігін және сапасын растайды, дейді ведомство өкілдері.

"Сонымен қатар ішкі сауда нысандарында ветеринариялық инспекторлар күнделікті бақылау жүргізеді. Олар ветеринариялық анықтаманың және сою орнының таңбасының болуын, өнімді тасымалдау кезінде температуралық режимнің сақталуын; зертханалық бақылау нәтижелерін тексереді", — делінген ветеринариялық бақылау және қадағалау комитетінің хабарламасында.

Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз