Бүгін "ірі көлемде ақша ұрлады" деген күдікпен ұсталған ерікті Перизат Қайратқа қатысты басты сот отырысы басталды. Сот барысында айыпталушы куәлік етушілерге сұрақ қойып, тұқыртуға тырысты, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
Перизат Қайрат пен анасы Ғайни Алашбаеваға қатысты атышулы іске куә ретінде қатысқан Сергей Матюшенко өзіне белгілі мән-жайларды айтқан. Ол – ерікті болған әрі күдікті құрған "BizBirgemiz Qazaqstan 2030" қоғамдық бірлестігінің құрылтайшыларының бірі ретінде көрсетілген тұлға.
– Перизат Қайрат пандемия кезінде қайырымдылықпен белсенді айналысты, яғни маска таратып, отбасыларға көмек көрсетті. 2021 жылы Перизат мені кеңсеге шақырып, бірлестікті құру туралы хаттаманы тапсырды. Құжатта тұлғалардың аты-жөні мен қолтаңбалары алдын ала қойылып тұрған еді. Менің құрылтайшы болуға келісімімді сұрап, қол қоюымды ұсынды, – деді ол.
Сотта Матюшенко құжаттардың біріне қол қоймағанын айтқаны сол еді, тараптар арасында кейде қатқыл дауыстағы, кейде эмоцияға берілген диалог өрби түсті.
– Сіз екінші хаттамаға шынымен де қол қоймағаныңызды растайсыз ба? – деп нақтылады сөзін Перизат Қайрат.
– Растаймын, – деп сенімді айтты Матюшенко.
– Сіз өтірік айтып тұрған жоқсыз ба? – деді айыпталушы дірілдеген үнімен.
– Жоқ, мен өтірік айтпаймын, – деп жауап қатты ол.
– Түсінесің бе, қазір менің тағдырым шешілгелі отыр, – деді сосын Перизат Қайрат жанарына жас толып.
– Перизат, мен екінші хаттаманы өз көзіммен көрдім, ол жерде менің қолым жоқ, – деді куә нақтылай түсіп.
Сол кезде сот күдіктіге ескерту жасады. Себебі, оған куәларды өзіне қажетті жауапқа итермелеуге болмайтыны айтылған.