Қаржы 13 дисциплина бойынша біркелкі бөлінеді.

2026 жылы Астанада өтетін фиджитал-спорттан "Болашақ ойындары" халықаралық мультиспорттық турнирінің жүлде қоры 10 млн АҚШ долларын құрайды. Бұл туралы "Қазспортинвест" АҚ президенті Әлібек Хасенов Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында мәлімдеді..

"Болашақ ойындарының" жүлде қорына келетін болсақ, 10 млн АҚШ доллары 13 дисциплина бойынша біркелкі бөлінеді. Бұл ретте неғұрлым праймдық дисциплиналар бар, яғни олар үшін жүлде қоры жоғарырақ болады және жүлде қоры сәл азырақ дисциплиналар бар. Бюджет пен жүлде қорына демеушілердің қаражаты тартылады. Жергілікті жетекші компаниялар қызығушылық танытып жатыр. Халықаралық компаниялармен де келіссөздер жүргізіп жатырмыз. Турнирдің әлеуеті жоғары. Қазанда өткен алғашқы ойындардың платформалардағы қаралым саны 3,5 миллиардқа жетті. Жыл сайын аудитория артып келе жатыр, соған сай инвесторлар да көбейеді", – деді ол.


Оқи отырыңыз: 2026 жылы Астанада өтетін "Болашақ ойындарына" жүзден астам елдің спортшылары қатысады


Астанада фиджитал тұжырымдамасындағы "Болашақ ойындары" халықаралық мультиспорттық турнирі өткізілгеннен кейін 2026 жылы Киберспортты дамыту академиясын құру жоспарланған.

"Киберспортқа бүкіл әлем назар аударады. Қазақстанда бірнеше жылдан бері Киберспорт Федерациясы жұмыс істейді. Жастар да осы спорт түрімен айналысады. Мұндай спорттық-бұқаралық іс-шаралардың үлкен коммерциялық әлеуеті бар. Біріншіден, қомақты жүлде қоры болса, екіншіден, мұндай іс-шараларды өткізу мультипликативті әсер етеді. Біздің міндетіміз – әлемдік үрдістен қалыс қалмау және барлық халықаралық спорт іс-шараларына қатысу", – деді Серік Жарасбаев.

Жарысқа жүзден астам мемлекеттен 1500-ге жуық спортшы қатысады. Турнир 13 дисциплина бойынша ұйымдастырылады. Ойындарға елорданың барлық ірі спорт нысаны тартылмақ. Жарыс Qazaqstan жеңіл атлетикалық спорт кешені, "Барыс Арена" мұз айдыны, "Сарыарқа" велотрегі, Жақсылық Үшкемпіров атындағы жекпе-жек сарайы, "Алау" мұз сарайы, "Билайн Арена", инклюзивті спорт орталығы, Конгресс-орталық секілді жетекші стадиондарда өтеді.


Оқи отырыңыз: 2026 жылы "Болашақ ойындары" Қазақстанда өтеді: Биылғы 1 тамызда іріктеу турнирлері басталады


Бүгінгі таңда турнирдің дисциплиналары анықталды: Phygital Football, Phygital Fighting, Phygital Basketball, Phygital Dancing, Phygital Hockey, Phygital Shooter, Phygital Battle Royale, MOBA 1 және MOBA 2, Phygital drone Racing.

Ойындар шеңберінде робототехника, виртуалды және толықтырылған шындық, спорт және білім беру саласындағы жетістіктердің интерактивті көрмесі – "Болашақ қаласы" арнайы жобасын іске асыру жоспарланған.

Еске сала кетсек, мұндай турнир алғаш рет 2024 жылдың ақпан айында Ресейдің Қазан қаласында ұйымдастырылды. Биыл "Болашақ ойындары" желтоқсан айында Абу-Дабиде өтеді.