Қазақстанда дәрі-дәрмек бағасы 20 пайызға дейін төмендейді. Бұл туралы Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова Tengrinews.kz тілшісіне берген сұхбатында айтты, — деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Министрдің айтуынша, елде дәрі-дәрмек бағасын қалыптастыру тетігі толығымен қайта қаралған. Бұған тұрғындар тарапынан түсетін шағымдардың көбеюі мен тіпті ең қарапайым препараттардың бағасы шарықтауы себеп болған.

"Бұл мәселеге біз былтыр тыңғылықты айналыстық. Дәрі-дәрмек бағасын қалыптастыру тетігін реттейтін норматив-құқықтық базаны қайта қарап, ауқымды жұмыс жүргіздік. Денсаулық сақтау министрлігі жылдар бойы дәріханалардағы дәрілердің шекті бағасын бекітіп келсе де, халық арзан дәрілердің жоғалып кеткеніне, ал күнделікті қолданатын дәрілердің бағасы күн сайын шарықтап бара жатқанына жиі шағымданады", – деді министр.

Оның айтуынша, бүгінде мемлекет Қазақстанға импортталатын барлық дәрі-дәрмек бағасын реттеуді жалғастырып жатыр. Бірақ фармацевтикалық сала бұл саланы еркін нарыққа жіберуді қолдайды, яғни бағаны нарық өзі реттейді деп есептейді.

2023 жылы сынақ режимінде үш және одан да көп баламасы бар 303 дәрінің бағасы реттеуден шығарылды. Алғашқы үш айда баға өскенмен, кейіннен біртіндеп төмендеген. Нәтижесінде, бағалар 14–17 пайызға түскен. Жыл аяғына дейін тағы шамамен мыңға жуық дәрінің бағасын еркін бағалау жүйесіне көшіру жоспарланған.

Әлназарова рецепт арқылы берілетін дәрі-дәрмекке ерекше назар аударылғанын айтты. Бұл үшін халықаралық салыстырмалы баға жүйесі қолданылған: Қазақстанмен экономикасы ұқсас 10 елдегі бағалармен салыстыру жүргізілген. Бұл тізімге Түркия, Ресей, Польша, Өзбекстан сияқты елдер кірген.

Тағы бір маңызды қадам — үстеме бағаларға бақылаудың күшеюі. Бұрын баға құрылымына тасымалдау мен жарнама шығындары да қосылып, тұтынушы үшін түпкілікті баға түсініксіз болатын. Ал былтырғы желтоқсаннан бастап баға қалыптастырудың жаңартылған механизмі бекітілді.

2025 жылдың алғашқы бес айында көтерме және бөлшек саудадағы 5 мыңнан астам дәрі-дәрмектің бағасы қайта қаралды. Денсаулық сақтау министрлігінің талдауы нәтижесінде, әсіресе бұрын бағасы негізсіз көтерілген препараттар бойынша бағаның 15–20 пайызға төмендегені анықталған.

1 қыркүйекке дейін дистрибьюторлар мен дәріханалар министрліктің жаңа бұйрықтарына сәйкес бағаларды қайта қарауға міндетті болады.

"Бұл өзгерісті қарапайым сатып алушы, мысалы, дәріханаға келген зейнеткер қалай сезінетінін де қарастырып жатырмыз", – деді министрлік өкілдері.

Басты бұйрықтардың бірі бөлшек сауда сегментіне қатысты болса, екіншісі — МӘМС пен ТМККК аясындағы баға реттеу тетіктеріне байланысты.

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз

Logotype Massaget