Анна Данилина маусымның үздіктері өнер көрсететін WTA финалдық турниріне жолдама алу мүмкіндігінен айырылды.

Қазақстандық теннисші сербиялық Александра Круничпен бірге Токиода өткен Жапония ашық чемпионатының финалында венгриялық Тимея Бабош пен бразилиялық Луиза Стефаниге қарсы ойнады.

Әлемдік рейтингте 13-орында тұрған Данилина мен Крунич алғашқы партияда 1:6 есебімен ұтылды. Екінші сетте де Бабош пен Стефани басым түсіп, 6:4 есебімен жеңісті тіркеді.

Осылайша, Данилина мен Крунич Токиодағы WTA 500 турнирінlt чемпиондық атақты уысынан шығарып алды.

Айта кетсек, қазақстандық-сербиялық дуэт маусым қорытындысы бойынша өтетін WTA финалдық турниріне жолдама алуға үмітті болатын. Чемпиондық жарыс рейтингінде олар тоғызыншы орында тұр. Олар сегізінші позициядағы Мұхаммад/Схюрс жұбынан 200 ұпайға қалып қойған еді. Токиодағы турнир мен Қытайдағы WTA 250 жарыстардың біріндегі жеңіск олардың финалдық сегіздікке кіруіне мүмкіндік берер еді. Алайда бұл жолы финалда жеңіске қол жеткізе алмады.

Сондай-ақ, дәл осы турнирде әлемнің жетінші ракеткасы Елена Рыбакина жартылай финалда ойыннан бас тартты.

"Өкінішке қарай, бүгін ойнай алмаймын. Бұл аптада арқамда ауырсыну болды. Сондықтан толық күшіммен өнер көрсете алмаймын. Жанкүйерлерімнің алдында өнер көрсете алмағаныма қынжыламын. Бірақ, келесі жылы сіздерді қайта көремін деп үміттенемін", — деді Рыбакина WTA ресми сайтына берген сұхбатында.

Рыбакина жартылай финалда чехиялық Линда Носковамен кездесуі тиіс болатын.