Мұның үстіне құрылыс қарқыны баяуласа не болмақ?! Америкалықтардың қазіргі бас уайымы осы. Өйткені, Ақ үй сырттан келетін ағаш пен ағаштан жасалатын бұйымдарға баж салығын өсірді. Ал бұл құрылысқа қосымша шЫған. Сонда үйдің бағасы өспегенде қайтеді? АҚШ Ұлттық құрылысшылар қауымдастығының мәліметі бойынша Америкаға құрылыс материалдарының 10 пайызы шетелден жеткізіледі. Ал Дональд Трамптың не ойлағаны бар? Сарапшылар не дейді?

АҚШ-та жаңа тұрғын үйдің орташа құны — 403 мың доллар. Енді оның бағасы тағы көтерілуі мүмкін. Блумберг басылымының дерегі бойынша кейінгі 5 жылда Құрама Штаттарда құрылыс материалдарының бағасы онсыз да 34 пайыз өскен. Ал ағаш және одан жасалатын бұйымдарға тариф өссе, құрылыс компанияларының шығыны тіптен артуы мүмкін. Ал бұл бастама әуелі америкалықтардың қалтасына салмақ салатын түрі бар.

Goldman Sachs Инвестициялық банк баяндамасы:

АҚШ басшысының бұл шешімі экспортаушы елдерге емес, ең әуелі тұтынушыларға әсер етеді. Биыл жыл соңына дейін америкалықтар тариф шығындарының 55 пайызын өз қалтасынан төлейді. 22 пайызын жергілікті кәсіпорындар, тек қалғанын экспортаушы компаниялар арқалайды. Жағдай осылай жалғаса берсе, келесі жылы америкалықтар тариф шығынының 70 пайызын төлеуі мүмкін.

Президент Трамптың шешіміне сай, келер жылы ағашқа — 10 пайыз, одан жасалатын өнімдерге салынатын тариф мөлшері 30 пайыз, ал жуыну бөлмесі мен ас үй жиһаз бұйымдарына 50 пайызға дейін көтеріледі. Сарапшылардың айтуына қарағанда, баға өссе, нарықтағы сұраныс азаяды.

Джош Цянь, жиһаз сататын компания директоры:

- Кей жерлерде баға 10–15 пайызға өсті. Әзірге ешкім 50 пайыз көтерген жоқ. Өйткені, клиенттен айырылып қаламыз ба деп қорқады. Бірақ, баға біртіндеп болса да, өседі. Үш айда бір рет немесе жарты жылда бір рет көтеріледі. Бірақ өсім міндетті түрде болады. Түптеп келгенде сатып алушылар зардап шегеді.

АҚШ Сауда департаментінің дерегі бойынша 2024 жылы елге 55 млрд 300 млн доллардың жиһазы әкелінді. Яғни кейінгі 10 жылда импорт 40 пайыз артқан. Сондықтан, Ақ үй қожайыны Құрама Штаттары нарығынан шетелдік компанияларды ығыстырмақ. Есесіне жергілікті өндірушілердің тынысын кеңейтемін деп отыр. «Алайда бұған ішкі нарық әзірге дайын емес», — дейді мамандар.

Андреа Малки, Жиһаз шығаратын компания президенті

- АҚШ-та жұмысшы күші тапшы. Бұл біз үшін қашанда өзекті мәселе. Бізде еңбек күші де қымбат, ал кәсіби маман табу қиынның қиыны. Сұраныс артқан сайын өндірісті де, жұмыс күшін де соған сай ұлғайту қажет. Әзірге мұны іске асыру мүмкін болмай тұр. Өндірісті қанша ұлғайтсақ та, білікті маман табыла қоймас.

Сондай-ақ АҚШ-та қажет шикізат да қат. Мәселен, қылқан жапырақты ағаштың 85 пайызы Канададан тасымалданады. Демек отандық өнімнің бағасы да арзан шықпайды. Құрама Штаттарда Федеральды резерв жүйесі кейінгі шешімі бойынша, базалық мөлшерлеме төмендетілді. Демек, тұрғын үй ипотекасы арзандайды. «Алайда Трамптың тариф саясаты мұның бәрін жоққа шығаруы мүмкін», — дейді сарапшылар.

Авторы: Зайнұр Байжігіт