Оған өнімнің тапшы болуы себеп .
Соңғы бір жыл дересінде тұтас ел көлемінде сиыр етінің күрт қымбаттауы мен тапшылығы байқалуда. Бұл ет өңдеумен айналысатын кәсіпорындарға да салқынын тигізбей қоймады, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.
Павлодар облысындағы сауда сөрелерінде де сиыр етінің бағасы жиі құбылады. Айталық, қыркүйек айының басында "қызылдың" бір келісінің бағасы 3400-3600 теңге аралығында болса, бүгінде 3800-4000 теңгеге дейін жетті. Ал тартылған еттің келісін 4000-4300 теңгеге алуға болады. Мұндай жоғары баға қарапайым тұтынушылардың қалтасына айтарлықтай салмақ салып отыр.
"Сиыр етінен бас тартқанымызға бірнеше айдың жүзі болды. Себебі бағасы удай қымбат. Бұрындары отбасымызға айына 10-15 келі ет пен 2-3 келі тартылған ет алатын едік. Қазір бұл көлем айтарлықтай қысқарды. Сиыр етінің орнын тауық еті алмастырды. Кейде жылқы етін аламыз. Өйткені оның бағасы ірі қара етінен айтарлықтай арзан. Мәселен, жылқы етінің келісін 2900-3400 теңгеге алуға болады", — дейді Павлодар қаласының тұрғыны Жұлдыз Әбдірахманова.
Бағаның қалтаны қағатынына кәсіпкерлер де шағымданып отыр. "Атамекен" өңірлік кәсіпкерлер палатасы жанындағы ет өңідеу мен экспорты салалық кеңесінің төрағасы, "Айсберг" ЖШС басшысы Михаил Желнов мұндай қымбатшылық ет өңдеу орындарын қыспаққа алып жатқанын алға тартты.
"Қазақстан ірі жайылымдары бар, мал шаруашылығының дәстүрі сақталған ел болғанына қарамастан, етпен қамтуға қатысты күрмеулі мәселелер көп. Айталық, өткен жылдың желтоқсан айынан бастап биылғы қыркүйекке дейін сиыр етінің бағасы шамамен 73% (!) қымбаттады. Біздің фирма Астана, Өскемен, Семей, Павлодар, Екібастұз қалаларындағы сауда орындарына өз өнімдерін жеткізеді. Мұндағы ірі сауда желілерімен келісіп жасаймыз. Сауда талабына сәйкес, біздің өнімнің бағасына тоқсанына тек бір рет 10% қосуға құқығымыз бар. Яғни, жарты жылда немесе 9 ай аралығында 20%-ға ғана бағаны өсіре аламыз. Мұндай өсім ет сатып алудағы шығындарымызды жаппайды", — дейді Михаил Желнов.
Бұл ретте Павлодар облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Төлеген Көшербаев өңірде ет өндіру көлемі өткен жылғы көрсеткіш деңгейінде сақталып отырғанын тілге тиек етті. Ал негізгі мәселе аймақта ірі бордақылау алаңдарының болмауына байланысты туындап отыр.
"Сүтті, етті бағытындағы 1000-2000 бас мал ұстайтын шаруашылықтар етті Қазақстанның оңтүстік өңірлеріне жөнелтеді. Біз олардың мұндай саудасына тыйым салып, шектеу алмаймыз. Басқа аймақ кәсіпкерлері өздері келіп, павлодарлық етті еркін алып жатыр. Сондықтан да облыс аумағында сиыр етінің тапшылығы туындайды", — деді Төлеген Көшербаев.
Бұл мәселені реттеу үшін бордақылау алаңдарын ашуға ниетті кәсіпкерлерге жеңілдетілген несие беру бағдарламасы іске қосылды. Алайда ол 500 және одан да көп мал басын бордақылайтын шаруашылықтарға ғана беріледі. Өкінішке қарай, біздің өңірде мұндай ірі алаңдар ашуға ынталы кәсіпкерлер некен-саяқ. Сондықтан ірі инвесторлар іздестірілуде.