Ал 60 пайызға жуығы профилактикалық тексерулерден өтпейді.

Қазақстан тұрғындарының 40 пайызы ғана өзінің денсаулығын жақсы не өте жақсы деп бағалайды. Бұл еуропалық көрсеткішпен (56%) салыстырғанда 16 пайызға төмен. Бұл мәліметтер Stada health report 2025 зерттеуінің есебінде жазылған.

Бұл зерттеу әлемнің 22 елінде жүргізілсе, олардың қатарында Орта Азиядан Қазақстан мен Өзбекстан қатысқан. Өкініштісі, Қазақстанның көрсеткіші көрші елден (54%) әлдеқайда төмен.

Зерттеу мәліметтері көрсеткендей, қазақстандықтардың басым бөлігі (58%) профилактикалық тексерулерден өтпейді. Ал бұл көрсеткіш жаһандық деңгейде 34 пайызға тең.

Қазақстан тұрғындарының 10 пайызы ғана барлық қажетті профилактикалық тексерулерден өтетін болса, жекелеген тексерулерден өтетін қазақстандықтардың үлесі 32 пайыз ғана.

Қазақстандықтар профилактикалық тексеруден неге өтпейді? Бұл сұраққа жауап бергендердің 27 пайызы тексеруді қажет деп санамайтын болса, 25 пайызы қандай тексерулерден өту керектігін білмейтінін айтып жауап берген. Ал 19 пайызы профилактикалық тексерулерді өте қымбат деп есептейді.

"Бұл деректер профилактикалық скринингтерді барынша қолжетімді ету керектігін және қазақстандықтарды олар туралы ақпараттандыруға көбірек көңіл бөлу қажеттігін көрсетеді. Қазақстандықтардың бойында өз денсаулығын күту қажеттігі туралы мәдениетті қалыптастыру керек. Мұндай мәдениет қалыптаспайынша, Қазақстанда профилактикалық тексерулердің тиімділігі төмен деңгейде қала береді", – делінген зерттеу қорытындысында.


Оқи отырыңыз:

  • Жазғы ыстық денсаулыққа зиянын тигізбес үшін не істеу керек? Дәрігер кеңесі
  • "Денсаулыққа зиянды заттар бар". Қазақстанда 43 түрлі өнімді сатуға тыйым салынды