Сондай-ақ , 70-ке жуық нысанға зақым келді.
Кеше Павлодар облысында жылдамдығы секундына 43 метрге дейін жететін дауыл соқты. Салдарынан адамдар зардап шегіп, бір тұрғын қайтыс болды, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.
Төтенше жағдайлар қызметінің мәліметінше, 16 адам зардап шегіп, медициналық көмекке жүгінген. Олардың қатарында үш бала бар. Ал Ақсу қаласының тұрғыны, өкінішке қарай, өмірден өтті. Көлік ішінде келе жатқан оның үстіне ағаш құлап, кеуде тұсына қадалған.
Дауылдың салдарынан кейбір елді мекендер жарықсыз, жылусыз, тіпті байланыссыз қалды. Ауылдардың басым бөлігіне бірнеше сағаттан соң жарық берілгенімен, Ақсу қаласы мен Баянауыл ауданының көпшілігінде әлі де жарық жоқ. Бригадалар апаттық жағдайдың салдарын жойып, қайтадан электр желілеріне қосу жұмыстарын жүргізуде. Байланыс және электрмен жабдықтау желілерінің 16 бағанасы қалпына келтірілуде.
Облыс орталығында 47 нысанның, оның ішінде 6 әлеуметтік мекеменің шатыры ұшты. Ақсу мен Екібастұзда 23 нысан, Баянауыл ауданында 7 нысан қирады. Май және Павлодар аудандарында да ғимараттардың зақымдануы тіркелді.
Павлодар облысы әкімінің баспасөз қызметінің мәліметінше, апаттың салдарын жоюға 300-ден астам адам мен 103 арнайы техника жұмылдырылған. Барлық шұғыл әрекет ету қызметтері күшейтілген режимдегі жұмысқа көшті.