Қаза болған Н.Бердіғалиев Ақтөбе облысы Байғанин балалар-жасөспірімдер спорт мектебінде жаттықтырушы болған.

Бұл туралы Ақтөбе облысы әкімінің баспасөз қызметі хабарлады, деп жазады inbusiness.kz сайты.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі қызды құдықтан алып шықпақ болып қаза болған азамат туралы ақпарат таратты. Н.Бердіғалиев Байғанин балалар-жасөспірімдер спорт мектебінде жаттықтырушы болған. Марқұмның артында алты баласы қалды.

– Н.Бердіғалиев 2017 жылдың қыркүйек айынан бастап Жарлы ауылына қоныс аударып, еркін күрес жаттықтырушы қызметін бастады. Сол уақыттан өмірінің соңына дейін 40-қа жуық Республика, облыстық деңгейдегі жарыстардың жүлдегерлері мен жеңімпаздарын дайындады. Сонымен қатар 20 шәкірті Қазақстан Республикасының "Спорт шеберлігіне үміткер" нормативін орындады. Оның артында 6 баласы қалды, – делінген хабарламада.

17 маусымда Байғанин ауданына қарасты Көлтабан ауылдық округіндегі Жарлы ауылында, үй ауласында орналасқан тереңдігі шамамен 10 метр, қоқысқа толы құдыққа 9 жастағы қыз бала құлап кеткен.

Жеткіншекті құтқармақ болған 38 жастағы ер адам құдыққа түскен, алайда қайта шыға алмаған.