Шерзат Полатқа қатысты даулы істе жаңа бұрылыс болуы ықтимал, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
Бұл жолы қоғам назарын аударған оқиғаның кәмелетке толмаған қатысушысы – Думан Ысқақ рақымшылық аясында бостандыққа шығуы мүмкін.
Бұл жөнінде Мәжіліс депутаты Абзал Құспан мәлімдеді.
“Шерзат Полаттың ісін бүкіл ел талқылады. Бұл жерде адам өлімі тіркелгендіктен, рақымшылық заңы негізінен қолданылмайды. Қандай баппен қаралса да, егер оқиғаның соңы адам өлімімен аяқталса, онда кешірім жүрмейді. Алайда Қылмыстық кодекстің 434-бабына — яғни ауыр қылмыс туралы хабарламау — сай жауапкершілікке тартылғандар бұл тәртіптен тыс қалуы мүмкін” — деді депутат.
Думан Ысқақ — осы іс аясында сотталған жасөспірім.
Ол ауыр қылмыс жөнінде тиісті органдарға хабар бермегені үшін 1 жыл 6 айға бас бостандығынан айырылған.
Алайда заңға сәйкес, изолятордағы бір күні екі күн есебінде есептеліп жатыр.