Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Мемлекеттік еңбек инспекциясы комитетінің төрағасы Ерболат Әбілхатин мәлімдеді, деп жазады inbusiness.kz сайты.
Журналистердің сұрағына жауап берген ол, Қазақстанның Оңтүстік Кореяның "Employment Permit System" (EPS) бағдарламасына қосылу процесінің аяқталуға жақын екенін айтты.
– Өткен жылы елімізде көші-қон саясатының жаңа тұжырымдамасы қабылданды. Оның басты бағыттарының бірі – қазақстандықтардың шетелде заңды түрде еңбек етуіне мүмкіндік жасау. Осы мақсатта бірқатар елдермен келіссөздер жүргізілуде. Мәселен, Қатармен еңбекке орналастыру жөнінде келісімге қол қойылды. Ал Оңтүстік Кореямен бұл бағыттағы жұмыс ауқымды түрде жүргізілуде, – деді Ерболат Әбілхатин Үкімет үйінде өткен брифинг барысында.
Оның айтуынша, әсіресе Қазақстанның оңтүстік өңірлерінің тұрғындары бұл бағдарламаға ерекше қызығушылық танытып отыр.
– Қазіргі таңда көптеген азаматтарымыз Оңтүстік Кореяда заңсыз жұмыс істеуде. Біздің негізгі мақсатымыз – олардың еңбегін заңдастыру. Бұл бағытта Қазақстан тарапы, оның ішінде Сыртқы істер министрлігі тиісті ұсыныстарды Оңтүстік Кореяға жолдады. Алайда, ол елде үкімет ауысуына байланысты процесс сәл баяулаған еді. Дегенмен, жаңа үкімет пен президент келгеннен кейін бұл жұмыс биыл аяқталады деп күтеміз. Бұл мәселе Қазақстан тарапынан емес, толығымен Оңтүстік Корея үкіметінің шешіміне байланысты, – деп атап өтті министрлік өкілі.