Бұл туралы "Анадолы" агенттігі жазды.


Иран тарапы Ормуз бұғазы аймағында Оңтүстік Кореяның мұнай танкеріне шабуыл жасалды деген ақпаратты теріске шығарды.

Сеул қаласындағы Иран елшілігі бұл мәлімдемелердің шындыққа жанаспайтынын айтып, кемелерді белгіленген ережелерді сақтауға шақырды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты "Анадолы" агенттігіне сілтеме жасап.

Иран Оңтүстік Кореяға тиесілі мұнай танкеріне шабуыл жасалды деген мәлімдемелерді ресми түрде жоққа шығарды.

"Иран Қарулы күштерінің Ормуз бұғазында оңтүстіккореялық ту астындағы кеменің шабуылға ұшырауына қатысы бар деген кез келген мәлімдемені қатаң түрде жоққа шығарамыз", – деп мәлімдеді Сеул қаласындағы Иран елшілігі.

Дипломатиялық өкілдік АҚШ әрекеттеріне байланысты Ормуз бұғазындағы теңіз қауіпсіздігін қамтамасыз ету шарттары өзгергенін еске салды. Осыған байланысты аймақтан өтетін барлық кемелердің белгіленген ережелерді сақтап, Иран билігімен үйлесімді әрекет етуі қажет екені атап өтілді.

Елшілік талаптар орындалмаған жағдайда туындауы мүмкін оқиғаларға жауапкершілік тиісті тарапқа жүктелетінін қосты. 4 мамыр күні Оңтүстік Кореяның "HMM Namu" атты жүк кемесіне Ормуз бұғазында белгісіз нысан соққы жасаған.

Осыдан кейін бұл шабуылды осы стратегиялық маңызы жоғары су жолын бақылап отырған Иран жасады деген болжамдар тараған болатын.