Кездесу қорытындысы бойынша көтерілген ұсыныстар мен ескертулер уәкілетті мемлекеттік органдарға жолданады.
"Атамекен" Ұлттық кәсіпкерлер палатасы алаңында бизнес қауымдастық, салалық қауымдастықтар, жүк тасымалдаушылар және өндірістік кәсіпорындар өкілдерінің қатысуымен Көлік құжаттарын есепке алудың бірыңғай жүйесіндегі (КҚЕАБЖ) көлік құжаттарын міндетті тіркеуді енгізуге байланысты проблемалық мәселелер талқыланды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Кездесу барысында қатысушылар 2026 жылғы 1 маусымнан бастап күшіне енетін жүк көліктері жүзеге асыратын тасымалдарға арналған жол парақтары мен тауар-көлік жүкқұжаттарын КҚЕАБ жүйесінде міндетті тіркеу талаптарына қатысты алаңдаушылықтарын білдіріп отыр.
Бизнес өкілдерінің айтуынша, қазіргі таңда жүйені толыққанды енгізуге кедергі келтіретін бірқатар инфрақұрылымдық және техникалық мәселелер бар.
Атап айтқанда:
· карьерлер мен елді мекендерден шалғай орналасқан жүк тиеу орындарында интернет желісінің болмауы;
· инертті материалдарды тасымалдау кезінде автотаразының жетіспеуі салдарынан жүктің нақты салмағын көрсету мүмкін еместігі;
· шағын бизнес субъектілерінде бухгалтерлердің, лицензиясы бар медициналық қызметкерлердің және механиктердің болмауы;
· шалғай аймақтарда жүргізушілердің рейс алдындағы медициналық тексерісін ұйымдастырудағы қиындықтар;
· КҚЕАБ жүйесінің корпоративтік есеп жүйелерімен (1С, ERP, WMS) толық интеграцияланбауы;
· мобильді қосымшаның болмауы және құжаттарға өзгеріс енгізу функциясының қарастырылмауы.
Кездесуде әсіресе азық-түлік және энергетикалық сусындар өндірушілері үшін мәселенің өзектілігі атап өтілді. Сала өкілдерінің мәліметінше, бір өндірістік нысанда тәулігіне орта есеппен 350-ден астам тауар-көлік жүкқұжаты рәсімделеді. Интеграция болмаған жағдайда әр құжатты қолмен енгізу шамамен 10 минут уақыт алады. Бұл өз кезегінде қосымша жұмыс орнын ашуға, ол тиісінше қосымша шығындарға алып келеді.
Сондай-ақ кәсіпкерлер әкімшілік жауапкершілік мәселесіне де қатысты алаңдаушылық білдіріп отыр. Қолданыстағы талаптарға сәйкес, құжаттарды тіркемегені үшін айыппұл қарастырылған. Бизнес өкілдерінің пікірінше, техникалық интеграция толық аяқталмай тұрып санкция қолдану кәсіпкерлерге шамадан тыс жүктеме түсіруі мүмкін.
Талқылау қорытындысы бойынша қатысушылар:
· КҚЕАБ жүйесін тәжірибелік пайдалану мерзімін ұзартуды;
· жүйе толық интеграцияланғанға дейін әкімшілік жауапкершілікті қолданбауды;
· көлік саласы қатысушылары үшін кезең-кезеңімен енгізу тетігін қарастыруды;
· салалық қауымдастықтар мен бизнес өкілдерінің қатысуымен қосымша талқылаулар өткізуді ұсынып отыр.
Сонымен қатар кездесуге қатысушылар жолаушылар тасымалы сияқты тәуекелі жоғары секторлар үшін талаптарды бірінші кезеңде енгізіп, өзге нарық қатысушыларына өтпелі кезең қарастыру қажеттігін алға тартып отыр.
Кәсіпкерлердің пікірінше, цифрландыру бизнес-процестерді жеңілдетуге бағытталуы тиіс. Алайда жүйе толық техникалық дайындықтан өтпей тұрып міндетті сипатта енгізілсе, бұл логистика шығындарының өсуіне, жеткізілімдердің кешігуіне және түпкілікті өнім құнының қымбаттауына әсер етуі мүмкін.