Бұған дейін Екібастұз ЖЭО-да жылу маусымы алдындағы жөндеу жұмыстары жүргізілген. Жеті қазандық бүтінделді, деп хабарлайды Egemen.kz.
«Energy Solutions Center» ЖШС (Екібастұз ЖЭО) жылу беру маусымына дайындық паспортын алу үшін қажетті құжаттаманы әзірледі. Қазіргі уақытта тиісті құжаттар Павлодар облысының уәкілетті органы тарапынан тексеріліп, келісілген және 8 қыркүйекке дейін дайындық паспортын алу үшін орталық мемлекеттік органға өтінім беріледі.
- Биыл пайдаланушы ұйымның қаражаты есебінен 7 қазандық агрегатында өндеу жұмыстары аяқталды. Өзге жөндеу жұмыстары бекітілген кестеге сәйкес жалғасып жатыр. Үкіметтің және облыс әкімдігінің қолдауымен жалпы ұзындығы 5 км-ден асатын екі жылу магистралін қайта жаңарту жүргізілді. Қазіргі таңда бұл учаскелерде құбырларды монтаждау жұмыстары аяқталды. Гидравликалық сынақтар мен жылу желілерін шаю сәтті өткізілді. Тұтынушыларға ыстық су толық көлемде берілді, — деп хабарлады қалалық әкімдіктен.
Жалпы жыл басынан бері орамішілік желілерге ағымдағы жөндеу жұмыстары шеңберінде бюджет есебінен 345 учаскеде жұмыстар жүргізіліп, 12 шақырымнан астам желі ауыстырылған.
Бұдан бөлек, «Екібастұз жылу желілері» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің күшімен ұзындығы 5,5 км жылу желілері күрделі жөнделген.
- Шаһарда көппәтерлі 705 тұрғын үй бар. 5 қыркүйектегі жағдай бойынша 675 тұрғын үй жылу беру маусымына толық дайын. Қалған үйлерде ішкі инженерлік жүйелерін жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр, оларды аяқтау мерзімі 10 қыркүйекке жоспарланған. Жылу беру маусымына дайындық бойынша барлық жұмыстар кестеге сәйкес орындалып жатыр, — деп қосты әкімдіктен.