Құзырлы органдарға бірқатар тапсырма берілді .

Премьер-министр Олжас Бектенов келесі жылғы наурыз айының соңына дейін Семей және Өскемен қалаларында жылу электр станцияларының құрылысын бастау үшін барлық қажетті іс-шараларды аяқтауды тапсырды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

"Энергетика министрлігі ағымдағы жылдың соңына дейін 250 Мегаватт, ал келесі жылы 2,5 Гигаватт энергия қуатын енгізуді қамтамасыз етсін. Қолданыстағы станциялардың қыс мезгіліндегі жұмысын тұрақты бақылауда ұстау қажет. Энергетика министрлігі Қаржы министрлігімен бірлесіп, осы жылдың соңына дейін "Отын-энергетика кешенін басқарудың бірыңғай мемлекеттік жүйесін" құру және оған қолдау көрсету бойынша қажетті шаралар қабылдасын", – деді Үкімет басшысы.

Оның айтуынша, аталған жүйе онлайн-мониторинг арқылы энергетикалық нысандар жұмысының сенімділігін қамтамасыз етуге бағытталған.

"Самұрық-Энерго" компаниясы келесі жылғы наурыз айының соңына дейін Семей және Өскемен қалаларында жылу электр станцияларының құрылысын бастау үшін барлық қажетті іс-шараларды аяқтасын. Бұл ретте ауаны ластайтын зиянды қалдықтар бойынша заманауи экологиялық стандарт нормаларының сақталуын қамтамасыз ету қажет. "KEGOC" компаниясы Батыс энергетикалық аймағын Бірыңғай ұлттық жүйеге қосу жұмысын жеделдетсін. Бұл жоба Қазақстанның энергетикалық жүйесін байланыстырып, оның дербестігі мен қауіпсіздігін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Тездетсек те, сапасы болу керек", – деп атап өтті Олжас Бектенов.

Сонымен қатар Энергетика, Жасанды интеллект және Қаржы министрліктері 2026 жылдың соңына дейін салалық ақпараттық қауіпсіздік орталығын іске қосып, отын-энергетика кешенінде инфокоммуникациялық инфрақұрылым операторының жұмысын қамтамасыз етуге тиіс.