Консорциумның көмір станцияларын салуда тәжірибесі бар екені айтылды.
"Самұрық-Энерго" АҚ басқарма төрағасы Қайрат Мақсұтов Семей мен Өскемендегі ЖЭО-лардың құрылысына жауапты консорциумға қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Журналистер Семей мен Өскемендегі ЖЭО-ларды салатын мердігерді атауды сұрады.
"Өзіңіз айтқандай, Семей мен Өскемендегі ЖЭО-лар бойынша сингапурлық-қазақстандық консорциуммен EPC келісімшартқа қол қойылды. Өкінішке қарай, қол қойылған құжат бойынша сингапурлық компаниядан ақпаратты жариялауға келісім алмадық. Консорциумның өзі 3 компаниядан тұрады. Консорциумның көшбасшысы сингапурлық компания болып саналады, ол жобалауға, құрал-жабдықтарды жеткізуге, монтаждауға, іске қосу-баптау жұмыстарына жауапты болады. Екі қазақстандық компания жалпы құрылыс жұмыстарына жауап береді. Олардың барлығында тиісті лицензия бар. Сол себепті аталған консорциум Семей мен Өскеменде жылу электр орталықтарын салады", – деді Қайрат Мақсұтов Үкімет отырысынан кейінгі брифингте.
Оның сөзінше, бұл компаниялардың көмір станцияларын салуда тәжірибесі бар. Сонымен қатар мердігердің қаржы тұрақтылығы, тиісті лицензияларының болуы да ескерілген көрінеді.
"Менің білуімше, Үндістан мен Индонезиядағы көмір станцияларын салуда тәжірибесі бар. Яғни, Оңтүстік-шығыс Азияда құрылыс жұмыстарын жүргізгенін білемін", – деп атап өтті "Самұрық-Энерго" АҚ басқарма төрағасы.