Баку мен Мәскеу арасындағы текетірестің температурасы қыза түскен секілді. Төбелесті кім бастағанын осыған дейін егжей-тегжейлі жаздық.

Ал бүгін Баку қабылдайды деп жатқан батыл шешім жайлы сөз етпекпіз. Ол не десеңіздер: «modern.az» редакциясы: «Әзірбайжанда орыс тілді мектептер жабылып жатыр», — деген атпен мақала жариялады.

Онда: «Әзірбайжанда жұмыс істейтін орыс тілді мектептер көп жылдар бойы қызу пікірталасқа негіз болып келді. Бұл мектептер тәрбиелік үлгіден гөрі идеологиялық мұра, тарихи әдет, әлеуметтік нышан болып қала бергендей. Кеңес дәуірінен қалған білім берудің бұл түрі тәуелсіз Әзірбайжанның ұлттық мүдделеріне қаншалықты сәйкес келеді? Оның жауабы да анық: бұл мектептер өз қызметін бітіріп қойған және жабылуы тиіс», — деп жазылған.

«Modern.az» редакциясы: «Орыс тілі, қанау тілі. Неге десеңіз: Әзірбайжанда орыс тілі жай ғана қатынас құралы емес. Осы тіл арқылы жылдар бойы ми қалыптасып, құндылықтар өзгерді, идеологиялық ықпал жасалды. Бүгінде орыстілді мектептер сол мұраны жалғастыруда. Бұл тіл емес, идеологиялық қанаудың құралы», — деп жазады.

Әрі қарай: «Өтпелі кезең аяқталды, шешім қабылдайтын кез келді. 1990 жылдары бұл мектептер өтпелі кезеңнің талабы ретінде қарастырылуы мүмкін еді. Бірақ бүгінде Әзірбайжанның тәуелсіз саясаты, экономикасы, мәдениеті бар. Бүгінде жастарымыз ағылшын, түрік, тіпті қытай, араб тілдеріне де қызығушылық танытып отыр. Ал орыс тілі қазірдің өзінде кешегі тіл, өткеннің белгісі», — дейді әзірбайжандық әріптестеріміз.

Тақырыпқа тұздық:

«Орыс тілі кімге керек?» деген экзистенционалды сұраққа жауап іздеген әзірбайжандық әріптестеріміз: «Орыс тіліне деген сүйіспеншілік Әзірбайжан қоғамындағы жалған элитизм көрінісі» екенін айтады. Яғни, «орыс тілі – жабық есіктерге кілт болатын мүмкіндіктер тілі» деген қате түсінік қалыптасқан.

Әзірбайжан да пост-кеңестік кеңістіктегі ел саналғанымен, КСРО ыдыраған сәттен күні бүгінге дейін құндылықтар өзгерді. Жаңа буын қалыптасты. КСРО құрамында болған мемлекеттердің әрқайсысы өздерінің ұлттық кодтарын тапты. Тамырын таныды, өткеніне үңілді. Сөйтті де, «орысша оқу мәртебе емес» екенін білді. «орыс тілі – элита тілі» деген түсініктің нағыз ұлттық құндылықтардан алшақ, жасанды һәм ескірген көзқарас екенін көрді.

Әзірбайжандық әріптестеріміздің бізге ұсынған дерегінше: Қазірдің өзінде орыс тілді мектептерді жабу бойынша нақты қадамдар жасалып жатыр. Ал елдің кейбір жетекші ақпарат құралдары Әзірбайжандағы орыс тілді мектептердің жабылатыны туралы хабар таратқан. Бұл туралы мектептердің «WhatsApp» топтарына хабарламалар жіберілген. Ал ата-аналарға орыстілді мектептер кезең-кезеңімен жабылатыны туралы хабарланған. Осылайша алдағы үш жылда орыстілді мектептер әзірбайжан тілінде оқытуға көшеді деп күтілуде.

Түйін: Егер Әзірбайжан қолға алып жатқан бұл бастама жүзеге асса — онда Ресей Оңтүстік Қапқазда Түркияға түбегейлі жеңілді деп сеніммен айтуға болады!