"ҚазАвтоЖол" Астана – Теміртау автожолында лазерлік ескерту жүйесін сынақтан өткізіп жатыр, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.

Компанияның мәліметінше, 17 қыркүйекте Астана – Теміртау республикалық маңызы бар автожолдың 1402 шақырымында (Ошағанды ауылының маңы) инновациялық белсенді лазерлік ескерту жүйесі алғаш рет сынақ режимінде уақытша орнатылған.

"Аталған жүйе түнгі уақытта қозғалыс қауіпсіздігін арттыруға бағытталған. Арнайы сәулелік белгілер жүргізушінің көру аймағына тікелей түсіп, қауіпті жағдайларда дер кезінде әрекет етуге мүмкіндік бермек. Бұл тәсіл жол-көлік оқиғаларына әкелетін шаршау, зейіннің төмендеуі және шектеулі көріну мәселелерін азайтуға септігін тигізеді", — делінген хабарламада.

Мамандардың дерегіне сүйенсек, жүргізушілердің лазерлік сигналдарға жауап қайтару уақыты дәстүрлі жол белгілеріне қарағанда бірнеше есе жылдам. Шетелдік тәжірибе көрсеткендей, мұндай технология енгізілген учаскелерде апат көрсеткіші 40-50 пайызға төмендеген.

Ошағанды ауылы маңында орнатылған бұл қондырғы – Қазақстан аумағында жүзеге асырылып отырған алғашқы тәжірибелік жоба.

Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз