OpenAI компаниясы ChatGPT нейрожүйесінің балаларға арналған арнайы нұсқасын әзірлеуге кірісті.
Егер жүйе қолданушының жасын нақты анықтай алмаса, автоматты түрде жасөспірімдерге арналған бетке ауысады, деп жазады inbusiness.kz сайты.
Ата-аналар баланың аккаунтын бақылап, пайдалану уақытын шектей алады. Сондай-ақ, жүйе жасөспірімнің психологиялық күйзелісін байқаса, қамқоршысына дереу хабар береді. Бұл қадамдар балалардың цифрлық кеңістіктегі қауіпсіздігін күшейтуге бағытталған. Себебі ғаламтордағы ең үлкен қатердің бірі – кибербуллинг.
Жыл сайын әлеуметтік желілерде қысымға ұшырайтын балалардың саны артып келеді. АҚШ мектептерінің 15%-ы аптасына кемінде бір рет кибербуллинг шағымын тіркейді. 2023 жылғы деректерге сүйенсек, жасөспірімдерінің 26,5%-ы ғаламторда қорлауға тап болған. Зардап шеккендердің ішінде қыз балалардың үлесі көбірек. Сондай-ақ жәбірленушілердің 19,2%-ы кибербуллинг салдарынан мектепке бармаған.